Экология

Ақтөбе облысының әкімінің бастамасымен өңірде жаңа экологиялық жоба басталды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен өңірде жаңа экологиялық жоба — «Мектеп орманшылығы» жүзеге асырылды. Мұндай жобаның еліміздің басқа өңірлерінде баламасы жоқ. Бұл жоба «Таза Қазақстан» республикалық акциясының заңды жалғасы саналады және өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруды мақсат етеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

«Мектеп орманшылығы» жобасының басталуына өңір басшысы да қатысты.

«Бұл жоба сіздер сияқты болашақ ұрпақ үшін табиғатты қорғау, ормандарды сақтап қалу және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамы. Сіздер осы жобаның қатысушылары ретінде тек табиғатқа қамқорлық жасай отырып, өздеріңізге ғана емес, бүкіл Ақтөбе облысының жасыл келешегіне зор үлес қосасыздар. Әрбір отырғызылған ағаш — ертеңгі күннің бір бөлшегі, таза ауаның, қолайлы ортаның көзі. Бұл жоба сіздерге табиғатты қорғаудың маңызын тереңірек түсінуге көмектеседі. Отырғызған ағаштарыңызға қамқорлық таныта отырып, сіздер жауапкершілікке, ұқыптылыққа және қоршаған ортаға құрметпен қарауға үйренесіздер. Әрбір көшетті күтіп, суарып, оның өсуін бақылауға тырысу қажет. Бұл — еңбектеріңіздің жемісі болып, өңірімізді жасыл, әдемі әрі таза етеді», — деген облыс әкімі балаларға осындай тілегін жеткізді.

Асхат Шахаров та ағаш отырғызып, табиғатқа жанашырлық танытудың жарқын үлгісін көрсетті.
 
Айта кету керек, Ақтөбе облысы — балаларға экологиялық тәрбие беруді осындай практикалық әрі ауқымды түрде жүзеге асырып отырған алғашқы өңір.


 
«Мектеп орманшылығы» жобасы өңірдегі білім беру мекемелері мен орман шаруашылығы ұйымдарының бірлесуімен жүзеге асырылуда. Әр мектепке мемлекеттік орман қорынан нақты учаскелер бекітіледі. Бұл учаскелерде оқушылар тек жасыл желектер отырғызып қана қоймай, оларды күтіп-баптауды да үйренеді.
 
Жобаға алғашқылардың бірі болып Х.Доспанова атындағы №14 орта мектеп, Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы мен Ақтөбе орта мектебінің оқушылары қатысты. Бүгін олар Елек орман шаруашылығының 0,5 гектарлық учаскесіне қарағайдың көшеттерін отырғызды. Бұл үрдіс орман шаруашылығы қызметкерлерінің бақылауымен және қолдауымен өтті. Мамандар оқушыларға көшет отырғызудың барлық кезеңдері — шұңқыр қазу, көшетті дұрыс орналастыру, топырақпен жабу және суару жолдарын түсіндіріп берді. Кейбір оқушылар үшін бұл — ағаш отырғызудағы алғашқы тәжірибе екен және олар әр қадамды үлкен қызығушылықпен жасады. 

«Мен бірге оқитын сыныптастарыммен келіп, ағаш отырғызу шарасына қатыстық. Негізінен, мектепте көгалдандыру жұмыстарына, сенбіліктерге қатысамыз. Мектебіміздің ауласы әдемі, әр сыныптың өз аумағы бар. Ағаштарға қарап, гүлдерді суарамыз. Бұл бізге ұнайды!» — деп Ақтөбе орта мектебінің оқушысы Ульяна Серко өз әсерімен бөлісті.
 

«Біздің мектепте арнайы аумағымыз бар. Ол жерге сыныптастарымызбен бірге ағаштар отырғыздық. Қазір әр жасыл желекті күтіп-баптап, суарып, қоқыстан тазартамыз. Ағаштың өскенін көру бізге қуаныш сыйлайды, себебі бұл — өз қолымызбен жасаған еңбегіміз. Енді орманға да қамқор боламыз. Орман — ол тек ағаштар мен өсімдіктер емес, ол біздің табиғатымыздың жүрегі. Орман арқылы біз ауаның тазалығын, топырақтың құнарлығын сақтаймыз. Біз орманға ағаш егіп, оны күтетін болсақ, ол біздің болашағымызға үлкен әсер етеді. Осы жобаға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Егер біз бүгіннен бастап ағаш егіп, оларды күтіп-баптасақ, ертең орманымыз жасыл болып, ауамыз таза болады», — деді Ф. Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясының оқушысы Алина Арен.
 

Жазғы демалыс кезінде оқушылар аптасына екі рет орман шаруашылығына келіп, көшеттерді суарып, арамшөптерден айналасын тазартып, өсімдіктердің жағдайын бақылап отырады. Бұл жұмыстарда оларға орман шаруашылығы қызметкерлері көмектеседі, қажет болған жағдайда кеңес беріп, оқушылардың экологиялық миссиясына қолдау көрсетеді.
 
Орман шаруашылығының жалпы аумағы 23 мың гектарды құрайды, оның 51 гектарын қарағай алып жатыр. 124 адам еңбек етеді, 88-і тікелей орман қорын мемлекеттік қорғаумен айналысады. Осы тәжірибелі мамандардың көмегімен оқушылар тек практикалық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын түсінеді.


 
Осы күні «Мектеп орманшылығы» жобасына Әйтеке би, Қобда, Мәртөк және Ойыл аудандарының оқушылары да қолдау көрсетті. Жалпы шараға 500-ге жуық оқушы қатысты. Орман шаруашылықтарының аумағында олар ағаш көшеттерін отырғызып, болашақта күтім жасауға әзір екендерін көрсетті. Жас экологтар ағаштарды суарып, күтіп-баптап, болашақта өңіріміздің жасыл ормандарына айналдыру сияқты маңызды міндеттерді мойындарына алды.