Ана сүтімен берілген өмір: емізудің маңызы
«Ана сүті – бой өсіреді, ана тілі – ой өсіреді» дейді қазақ. Бірақ бүгінде жаңа босанған аналардың көбі баласын қоспамен асырауға көшіп барады. Бұл – тек тамақтану емес, ұрпақтың иммунитеті мен санасының негізі екенін ескеріп жүрген қанша адам бар? Тілшіміздің мақаласынан ана сүтінің пайдасы, қоспамен (смесь) қоректендірудің салдары, «екі адам үшін тамақ жеу» ұғымының ғылыми негізі туралы, сондай-ақ, «анадан сүт шықпауы мүмкін бе?» деген сауалға жауап таба аласыз.
Жаңа туған нəрестенің дұрыс дамуы мен өмірге бейімделуіне əсер ететін жалғыз өнім — ана сүті. Нəресте дүниеге келгеннен кейін 6 ай бойы тек ана сүтімен қоректенеді. Содан кейін ғана қосымша тағамдар беруіне болады. Өкінішке қарай, Қазақстанда əйелдердің 30%-ы ғана 6 айға дейінгі сəбиді омырау сүтімен қоректендіреді екен. Ал қалған 70%-ы арнайы дайындалған қоспаның көмегіне жүгінеді. Мамандардың айтуынша қоспа мен ана сүтінде көп айырмашылық бар. Бір ғасыр бұрын жазылған Мағжан Жұмабаевтың еңбегінде: «Статистика – санақ пəнінің көрсетуі бойынша ана сүтін емген 100 баладан бір жылда 15–20-сы ғана өледі. Ал қолдан асыраған 100 баладан бір жылда 65 шамалы өледі» деп көрсетуінің өзі бұл ақиқат екенінің дəлелі. Демек, омырау сүтімен емізуден бастартқан ана да, бала да көп мүмкіндікті жіберіп алмақ.
Баланы емізу тек қана баланы тамақтандыру емес. Бұл баланың физикалық та, психологиялық та, тіпті интеллектуалының да дамуына ықпал етеді.
Бала ағзасы жануарлардың сүті мен арнайы қоспаларға қарағанда ана сүтін тез қорытып, тез сіңіреді. Сондай-ақ, баланы түрлі аурулардан сақтап, алдын алады. АҚШ-тағы CDC (Ауруларды бақылау жəне алдын алу) орталығының зерттеуінше, ана сүті баланың бүкіл ғұмырындағы денсаулығына тікелей əсер етеді. Омырау сүтімен қоректенетін нəрестелерде астма, семіздік, 1-типті қант диабеті, құлақ инфекциялары, кенеттен өлу синдромы (SIDS), асқазан инфекцияларының болу ықтималдығы өте төмен. Баланы емізудің ана денсаулығына да айтарлықтай жақсы əсері бар. Сүт бездеріндегі ауруларды азайтып, кейбір қатерлі ісік, жоғары қан қысымы мен 2-типті қант диабетінің алдын алуға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, емізу процесі ана мен баланың бірге уақыт өткізуіне жағдай жасайды. Ал психологтар сəбидің 1 жасқа дейін, əсіресе алғашқы 40 күнінде ананың баладан 1 сағаттан артық ажырамағаны дұрыс екенін айтады. Себебі бұл уақытта баланың жүйке жүйесі дамып, анамен қарым-қатынасы арқылы өмірге деген сенімі қалыптасады екен. Ал «келіндік» қызмет маңызды рөл атқаратын қазақ қоғамында, өкінішке қарай, жас ана сəбидің қасында көп бола алмай қалып жатады… Бала емізу процесі ана мен баланың жиі бірге болып, тығыз байланысын арттырып, сəбидің болмысы қалыптасуына əсер етпек.
Ғалымдар ана сүтінің құрамында 3000-нан аса қажетті заттар бар екенін дəлелдеген. Ал арнайы дайындалатын қоспаларда 50-60-тай ғана микроэлементтер мен дəрумендер бар. Ана сүтіндегі заттарды қолдан жасау мүмкін емес жəне олардың бəрі де бала ағзасының дамуында өзіндік рөл атқаратыны түсінікті. Әр сүтқоректінің сүті өз баласына, төліне арнап түзілетінін ескеруіміз керек. Мəселен, жануарларға мидың дамуынан гөрі бұлшықеттерінің дамуы жеткілікті. Ал адам саналы тіршілік иесі болғандықтан оған миының, ойлау жүйесінің де дамуы маңызды. Ал бала интеллектісінің уақытында дамуына қажетті заттар ана сүтінде ғана бар. Жануарлар сүтінде ақуыз секілді тəнге қажетті дəрумендер көп болады. Тиісінше, омырау сүтін емес, жануар сүтімен, қоспалармен қоректенген балаларда семіздік жиі кездеседі. Атап өту керек, ана сүті баланың даму кезеңіне қарай əр уақытта өзгеріп отырады. Ал арнайы қоспалар үнемі дерлік бір құраммен беріледі.
Омырау ему арқылы баланың тістей алу қабілеті жəне сөйлеу тілі қалыптасып, бет бұлшықеттері жақсы қалыпқа келеді. Ал арнайы сорғыш пен бөтелкені еметін балада бұл дұрыс қалыптаспауы мүмкін. Сондай-ақ, ондай бала омырау сүтін шығаруға қиналып, жылай беруі мүмкін. Өйткені бөтелкемен ему ыңғайлы əрі тез. Көп күшті талап етпейді.
АНАДАН СҮТ ШЫҚПАУЫ МҮМКІН БЕ?
«Сүт шықпапты», «сүті тартылып қалыпты» дегенді жиі естіп жатамыз. Кейбір анадан расында сүт шықпауы мүмкін бе? Гинеколог Жанар Ержанның сөзінше, кез келген ананың омырауынан оның көлеміне қарамастан сүт шығады. Тек ана баланы омырауға дұрыс салмауынан немесе өзі күйзелісте жүргеннен сүтін азайтып алуы мүмкін.
Ана сүтінің түзілуіне екі гормон қатысады: пролактин жəне окситацин гормондары. Пролактин гормоны бала омырауды емуінен бөлінеді. Яғни тітіркенуден миға сигнал барып, сүт бездеріне сүт жинала бастайды. Баланы қаншалықты жиі емізсе, соншалықты сүт те жиі түзілетін болады. Ал егер қосымша тамақ беріп, емізуді сирететін болса, сүт те азайып кетеді. Жиналған сүттің сыртқа шығуын окситацин гормоны атқарады. Аталған гормонның жеткіліксіз болуы да сүттің азаюына əкеледі. Окситоцинді көбейту үшін сүйіспеншілікті сезініп, мейірлену, ешнəрсеге алаңдамау, сенімділік керек. Əсіресе, ана жас нəрестесін иіскеп, мейірленсе, оны ойласа окситоцин гормоны көп бөлініп сүт еркін шығады, - дейді гинеколог.
Сондықтан айналадағылар «Сенің сүтің аз», «сүтіңе бала тоймады», «сүтің құнарсыз» деп жас ананың көңілін күпті ете беруіне болмайды. Жас ана расында да күмəнге түсіп, балама жақсы ана бола алмадым деген алаңдаушылықпен сүтін азайтып алуы мүмкін. Керісінше оған барынша жайлылық жасап, көңіл-күйінің жақсы болуына жағдай жасау керек.
«Екі адам үшін тамақ жеу» керек пе?
Үлкендер емізулі әйелді «екі адам үшін тамақ жеуің керек» деп қинап жатады. Алайда, көп тамақ жеу сүттің көп не аз болуына тікелей əсер етпейді. Тек емізу процесі кезінде əйел ағзасы әдеттегіден бөлек 700 Ккал энергия жұмсайды. Сондықтан да əйел əдеттегіден көбірек тамақтануы, шаршауы мүмкін. Қарыны ашпаса, өзін қинап жеудің еш негізі жоқ. Əрине, дұрыс тамақтанып, дəрумендер жеу қашан да маңызды. Әсіресе, емізулі әйел көбірек сұйықтық ішуді ұмытпағаны жөн. Ол қазақ айтқандай үнемі "сүт қатып, қою шай" іше беру емес. Шайдың құрамында теин (кофеинге ұқсасас зат) барын ескеру керек. Ол ана мен баланың жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Халықтың ұғымында шайдың үстіне сүт қосу = "омырау сүтіне сүт қосу" сияқты елестейді. Алайда бұл – негізсіз. Шын мәнінде, емшек сүтінің көлемі мен сапасы ең алдымен баланы жиі және дұрыс емізуге, ананың жалпы өмір салтына, күйзеліске түспеуіне және жеткілікті ұйқы мен сұйықтық қабылдауына байланысты екенін қайталаймыз.
Тамақтың мөлшерінен бұрын оның құрамы маңызды. Астың құрамында ақуыз, пайдалы майлар, көмірсулар мен дәрумендер жеткілікті болуы керек. Көкөніс, жеміс-жидек, ет пен балық, сүт өнімдері – бәрі де өз орнымен болғаны жөн. Емізулі әйелдің ағзасы нәрестеге қажетті заттарды сүт арқылы беретін болғандықтан, ана дұрыс тамақтанса – бала да жақсы дамиды.
Сондықтан «екі адам үшін көп тамақ жеу» емес, «екі адам үшін ойланып тамақтану» керек. Бұл – ананың да, сәбидің де денсаулығы үшін ең дұрыс шешім.