Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күні
Бұл күн 2014 жылдың 4 мамырында шыққан ел Президентінің №814 Жарлығымен бекітілген. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы құрылым Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесінде 1995 жылғы 3 қазанда Президент Жарлығымен Мемлекеттік күзет қызметі ретінде құрылған болатын. Сол жарлық жаңа мекеменің мақсатын, құрылымын және өкілеттіктерін анықтап берді. Қызметтің өзінің рәміздері – туы мен айырым белгілері бар. Қызметке жүктелген міндеттердің маңыздылығы оны тікелей ел Президентіне бағындыру арқылы айқындалған.
Мемлекеттік күзет қызметіне мынадай міндеттер жүктелген: ел Президенті мен оның отбасы мүшелерін қорғау, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларын және Президент бекіткен тізім бойынша басқа да қызметкерлерді қорғау, шет мемлекеттердің басшыларын, халықаралық ұйым жетекшілерін Қазақстанда жүрген кезінде қорғау. Сонымен қатар, мемлекеттік маңызы бар нысандардың күзетін қамтамасыз ету де қызмет міндетіне кіреді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі – өзіне тән материалдық-техникалық базасы, кәсіби кадрлар құрамы, оларды даярлау жүйесі бар толыққанды мемлекеттік орган. Қызметкерлер мен әскери қызметшілердің ерекше мәртебесі мен қызмет бөлімшелерін жасақтаудың қатаң тәртібі – мемлекет тарапынан жүктелген міндеттердің маңыздылығын көрсетеді. Қызмет өкілдерінің жоғары кәсібилігі ШЫҰ, ЕуразЭҚ, ЕҚЫҰ саммиттері, БҰҰ конференциялары, ірі спорттық жарыстар секілді Қазақстанда өткен халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу кезінде бірнеше рет дәлелденген.
Дүниежүзілік шығармашылық және инновациялық қызмет күні
2002 жылдың 21 сәуірінде әлемнің 50-ден астам елінде алғаш рет шығармашылық пен инновация мерекесі ұйымдастырылып өтті. 2017 жылдың сәуірінде БҰҰ Бас Ассамблеясы тұрақты даму мақсаттарына жету жолында адам қызметінің әртүрлі салаларындағы шығармашылық пен инновацияның мүмкіндіктерін атап өтіп, арнайы қарар қабылдады. Осы қарарға сәйкес, 21 сәуір – жыл сайын аталып өтетін Дүниежүзілік шығармашылық және инновациялық қызмет күні ретінде белгіленді.
Бұл күннің белгіленуін қолдаған бастамашылар мен белсенділер оның 22 сәуірде аталып өтетін Халықаралық Жер-ананы қорғау күнімен және 15 сәуірде туған атақты ғалым, ойшыл және өнертапқыш Леонардо да Винчидің туған күнімен байланыстырған. Бірінші жағдайда бұл – Жер ғаламшарын сақтау мен гүлдендіру ісінде шығармашылық пен инновацияның рөлін көрсетуге бағытталса, екіншісі – ғылым мен шығармашылық үдерістерге қосқан ұлы өнертапқыштың үлесіне құрмет ретінде алынған.