Жаңалықтар

Президент Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары Ақтау қаласындағы көтерме сауда-тарату орталығының жұмысымен танысудан басталды, деп хабарлайды newsroom.kz Ақорда баспасөзіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысанның аймақта алғаш рет салынғаны жөнінде баяндалды. Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген.

Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған.

Қазіргі кезде өнім жеткізумен айналысатын отандық ірі кәсіпкерлермен келісімшарт жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.