Қазақстан Пәкістан арқылы теңізге шығуы мүмкін
Қазақстан тауарларын сыртқы нарықтарға жеткізу үшін жаңа теңіз жолын пайдалана алады, деп хабарлайды newsroom.kz.
Елші Ержан Қыстафин Пәкістанның теңіз істері жөніндегі министрі Мұхаммад Джунаид Анвар Чоудридің қабылдауында болып, Гвадар порты арқылы жаңа сауда бағытын ашу мәселесін талқылады.
Екі тарап Араб теңізіне шығатын көлік дәлізін қалыптастыру жайын сөз етті. Бұл бағыт тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдері үшін тиімді болмақ. Елші Қыстафиннің айтуынша, Пәкістан порттары Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығына жол аша алады.
Жаңа маршрут Қазақстанның логистикалық тәуелділігін Ресей мен Қытай бағыттарынан азайтуға сеп болмақ. Қазір ел экспорт үшін негізінен Новороссийск, Ляньюньган порттарын және Каспий теңізі арқылы өтетін бағыттарды пайдаланып отыр.
Гвадар порты арқылы ашылатын жаңа дәліз — аймақтық экономиканы әртараптандыруға арналған маңызды қадам.