Жаңалықтар

Танымал блогер Дарикорнның видеосы баланы мазаққа айналдырған: Анасы сотта жеңіп шықты

2024 жылдың тамыз айында танымал блогер Дарикорн (миллионнан астам жазылушысы бар) өзінің Qatty Tatty атты кафе желісін жарнамалау мақсатында бір баланың бейнесін ата-анасының рұқсатынсыз түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Видеоға түскен баланың анасы – Instagram қолданушысы Колужанова есімді Алматы тұрғыны – бұл жағдайды желіде ашық түрде жариялап, заң бұзушылықтар мен моральдық зиян туралы мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz. 

Колужанованың айтуынша, видеода ұлы өзінің сүйікті асы ретінде "пицца" деп айтқан сәтінде, оның сөзінің үстінен монтаж арқылы үлкен әріптермен "ПИСЯ" деген жазу қойылған. Бұл әрекет баланы мазақ етуге, көп қаралым мен пікір жинауға бағытталған. Видео әлеуметтік желіде кең таралып, қолданушылар тарапынан көптеген мазақ ету мен балағаттауларға ұшыраған. Алайда кафе басшылығы желідегі буллингке көз жұма қарап, видеоны өшіруден немесе түсініктеме беруден бас тартқан. Колужанованың айтуынша, мекеме осы арқылы шамамен 4 мың АҚШ долларын жарнама шығындарынан үнемдеген.

"Бұл — Қазақстан заңнамасын тікелей бұзу", — дейді анасы. Оның айтуынша, баланы ата-анасының келісімінсіз түсіріп, әлеуметтік желіде жариялау — заңға қайшы. Сонымен қатар, видеоның арнайы бұрмаланып, баланы күлкіге айналдыруы — ар-намысына тиюмен қатар, психологиялық зиян келтірген.

Баланың денсаулығына да қауіп төнген. Колужанова ұлына рұқсатсыз белгісіз тағам берілгенін айтып, оның аллергиялық бейімділігі бар екенін алға тартады. "Бұл әрекет аллергиялық шокқа дейін әкелуі мүмкін еді", — дейді ол.

Даулы видеода тағы бір көрініс көпшіліктің назарын аударды: бір баланың екіншісін күштеп тамақтандыруы көрсетілген. Колужанова бұл көріністі дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттаумен салыстырған.

"Ұлым толық отбасында өсіп жатыр, әкесі белсенді тәрбие береді. Осы уақытқа дейін оның өзін-өзі бағалауы өте жоғары болатын. Бірақ осы оқиғадан кейін ол күрт төмендеп кетті. Қазіргі балалар қатігез. Бұндай жағдай психикасы әлсіз балалар үшін өте қауіпті. Буллингтің соңы суицидке алып келуі де мүмкін", – дейді анасы.

Алматы қаласының соты бұл іске қатысты шешім шығарып, Qatty Tatty кафе желісін:

  • 500 000 теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге;
  • Адвокаттық қызметке кеткен шығынды өтеуге;
  • Және жұрт алдында кешірім сұрауға міндеттеді.

Алайда кафе өкілдері бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Олар өтемақы көлемімен де, кешірім сұрау талабымен де, заңгерлік шығынды өтеумен де келіспейді.

Колужанова бұл жағдайды қоғамдық назарға салып, болашақта мұндай жағдайлардың қайталанбауына ықпал еткісі келеді. Оның айтуынша, балаларды желіге жарияламас бұрын, "екі рет ойлану қажет", өйткені оның арты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.