Астанада самокаттарға арнайы тұрақ пен нөмір енгізу мәселесі қаралып жатыр
Астанада электросамокаттарды ретсіз тастауға тосқауыл қою мақсатында пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды newsroom.kz.
Алғашқы тұрақтар елорданың Нұра ауданында орнатылады. Мұнда самокаттар қоюға арналған арнайы 10 аймақ белгіленбек. Жаңа ережеге сәйкес, самокатты тек осы тұрақтарға ғана қалдыруға болады — басқа жерге тасталса, жалдау аяқталмайды.
Бұл уақытта Ішкі істер министрлігі самокат иелеріне қойылатын талаптарды қатайту мәселесін қарап жатыр. Ведомство басшысының орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, самокаттарға нөмір енгізу туралы ұсыныс талқыланып жатыр.
— Біз бірқатар қосымша түзету әзірлеп жатырмыз. Соның ішінде самокаттарға мемлекеттік тіркеу нөмірін енгізу мәселесі де бар. Швейцария тәжірибесін зерттедік — онда самокаттарға ғана емес, велосипедтерге де нөмір тағылады. Сондықтан бұл өте өзекті бастама, бізде де белсенді түрде қарастырылып жатыр, — деді Санжар Әділов.