Жаңалықтар

Бесқонақ басталды ма?

Ауа райы күрт бұзылып, біраз өңірде күн суыта бастады. Жұртшылық "бесқонақ" келді деп жатыр. Шынында да, бесқонақ басталды ма? Бесқонақ деген не? Неге бұлай аталған?

Қазақ халқы ежелден табиғатпен етене өмір сүріп, әрбір мезгілдің, әр күннің ерекшелігіне мән берген. Соның бірі – көктемгі бесқонақ уақыты. Бұл – табиғаттың құбылмалы мінезі мен халқымыздың байырғы дүниетанымын тоғыстырған ерекше кезең.

Бесқонақ деген не?

Бесқонақ – көне қазақ күнтізбесіндегі бір аптаға жуық уақыт аралығы. Ежелгі есеп бойынша, бір жыл 360 күннен тұрады. Ал қазіргі астрономиялық жыл 365 күн. Артық қалған осы бес күн – «бесқонақ» деп аталған. Көбіне бұл уақыт сәуір айының 11-25 күндерінде келеді. Халық бұл күндерді "жалған бес күн", "өліара", "бес қонақ келді" деп атаған.

Ауа райының құбылмалы кезеңі

Бесқонақ тек күнтізбелік артық күндер ғана емес, сонымен қатар көктемгі ауа райының ең тұрақсыз мезгілі саналған. Ата-бабаларымыз бұл күндері табиғат тосын мінез танытып, күннің күрт өзгеретінін байқаған. Ел арасында "бесқонақта бес түрлі ауа райы болады" деген тәмсіл бекер айтылмаған. Бір күнде аспан шайдай ашылып, артынша дауыл тұрып, жаңбыр жауып, кей өңірде қар аралас боран соғуы – осы кезеңге тән құбылыс.

2025 жылғы сәуірдің орта шенінде еліміздің көптеген аймағында күн құбылып тұр.  Бұл – көнеден келе жатқан бесқонақ кезеңінің қазіргі заманғы көрінісіндей.

Неге "бесқонақ" деп аталған?

Осы құбылыстың неге "бесқонақ" деп аталуына қатысты аңыздар бар.

"Баяғыда бес адам жаз шыққан екен деп, жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен. Бірақ жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сол кезде жолдағы бес қонақ дүниеден өтіпті. Содан кейін бұл күндерді "бесқонақ" деп атап кеткен", - дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Сақтықта қорлық жоқ

Бесқонақ кезінде шаруалар малды ыққа тығып, жолаушылар жолға шықпаған. Күн ашық болса да, ел ішіндегі үлкендер "әлі бесқонақ біткен жоқ, байқап жүр" деп ескерткен. Бұл сөздер бүгінде де өзекті: ауа райы құбылып тұрған тұста күнделікті тұрмысқа, жолға шығуға, балалардың киінуіне ерекше көңіл бөлген жөн.