Жаңалықтар

«Синий кит» ойынын ұйымдастырған адам сотталды

Новосібір тұрғыны Илья Погиблов «Көк кит» деп аталатын арна ашып, ондағы жазылушыларды өз-өзіне қол жұмсауға үгіттеген. Ол адамдармен мессенджер арқылы сөйлесіп, оларды түрлі тапсырмалар орындауға көндірген. Бұл тапсырмалар суицидке «дайындау» мақсатында берілген, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қазақстанда тыйым салынған бұл ойынның ұйымдастырушысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Погибловқа үш бірдей бап бойынша айып тағылды:

  • РФ ҚК 110.2-бабы — суицидке итермелеу мақсатындағы әрекеттерді ұйымдастыру;
  • 110.1-бап — суицид жасауға азғыру;
  • 150-бап — кәмелет жасына толмағандарды қылмысқа тарту.

Сот дерегіне сәйкес, Илья Погиблов бұл топты 2023 жылы құрған. Тергеу кезінде оның «өзгелердің өліміне патологиялық қызығушылығы болғаны» анықталды. Абырой болғанда, құқық қорғау органдары дер кезінде араласып, ешкім зардап шекпеген.

Айта кетейік, мұндай ойындар түрлі атаумен таралады. 2024 жылдың күзіне қарай Қазақстанда бірнеше жасөспірімнің өзін-өзі өлтіруіне себеп болған делінетін «Қызыл дельфин» ойыны да осындай сипатта болған. Ол кезде қайғылы жағдайлардан кейін ата-аналар мен марқұмдардың таныстары осы ойынды күдіктенген еді.