Аймақтар

Өз баласы екеніне күмәнданған: 3 млн теңге алимент төлемеген ер адам қамауға алынды

Қызылордада кәмелетке толмаған баласына алимент төлеуден жалтарған ер адамға қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды newsroom.kz.

 2021 жылдың қарашасында сот ер адамды ай сайын табысының төрттен бір бөлігін баласына төлеуге міндеттеген. Алайда ол сот шешімін үш жылдан аса уақыт бойы орындамай келген. Нәтижесінде қарыз сомасы 3 123 157 теңгеге жеткен.

Сот отырысы кезінде ер адам кінәсін мойындап, алимент төлемеуіне өзін баланың әкесі екеніне күмәнмен қарайтынын  себеп ретінде айтқан. Алайда сот оның әрекетін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сай, сот шешімін орындамау деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Нәтижесінде оған әкімшілік қамау жазасы қолданылды.

– Сот шешімі заңды күшіне енді. Қамау баласына деген жауапкершілікті елемеу – тек моральдық емес, сонымен қатар заң алдындағы міндет екенін еске салуы тиіс, – деп түсіндірді сот өкілдері.

Енді ер адам тек қамауда отырумен шектелмей, жиналған қарызды да өтеуі керек.