Аймақтар

Келініне былапыт сөйлеген қайынағасы қамауға алынды

Арал ауданында келініне былапыт сөйлеп, тыныштығын бұзған азамат 5 тәулікке қамалды. Сот оған спирттік ішімдік пен есірткіден уақытша тыйым салды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Бұл туралы Қызылорда облысы Арал аудандық соты мәлімдеді. Сот мәліметтеріне  сәйкес, Ж. есірткі не алкогольдік ішімдіктің әсерінде болып, келіні Ғ.-ға тіл тигізіп, былапыт сөздер айтқан. Бұл әрекеті арқылы ол үй ішінің тыныштығын бұзған. Сотта сол үйдің келіні Ғ. мұндай жағдайдың алғаш рет емес, жиі қайталанатынын айтып, құқықбұзушыға шара қолдануды сұраған.

Арал аудандық сотында азамат Ж.-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы, 1-бөлігі бойынша іс қаралды.

Сот үкімімен кінәлі Ж. 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Сондай-ақ, оған үш ай мерзімге алкогольдік ішімдік ішуге және есірткі, психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды.