Маңғыстауда "Бозжыра" визит-орталығының құрылысы басталды
Маңғыстау облысында Бозжыра шатқалында жаңа туристік нысанның құрылысы басталды. Жоба аясында заманауи визит-орталық, этно-кафе және глэмпинг алаңдары салынбақ, деп хабарлайды newsroom.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжыра сынды тарихи әрі көркем жерлерде туризмді дамыту бойынша нақты міндет қойды. Бүгін осы бағытта алғашқы қадам жасалды. Мұндай таңғажайып табиғаты бар орындар әлемде саусақпен санарлық. Біз бұл жердің тарихи, киелі болмысын сақтай отырып, заманауи туристік орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Туристерге қолайлы жағдай жасау — біздің міндетіміздің бірі ғана. Ең бастысы — жергілікті тұрғындардың осы жобадан пайда көруіне мүмкіндік беру. Ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып, қосымша табыс таба алады. Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономикалық серпін де береді, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба 17 глэмпинг павильонын, 50 қонақүй нөмірін, 450 шаршы метрлік визит-орталық пен этно-кафені қамтиды.
Кешеннің құрылысы отандық инвестор — «Pana Asia» ЖШС жеке қаражаты есебінен жүргізіледі. Жоба авторларының айтуынша, визит-орталық экологиялық талаптарға және тұрақты туризм қағидаттарына толық сай келеді.
– Визит-орталық қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай жобаланған. Биологиялық тазарту жүйелері, қоқысты сұрыптау және күн энергиясын пайдалану сияқты шешімдер қарастырылған. Туристер үшін барлық жағдайды жасау — басты мақсатымыз. Сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдары мен дәстүрлі құндылықтарын насихаттауға мән береміз, – деді жобаның жетекшісі Сәуле Жанабаева.
Туристік әлеуетті дамытуға бағытталған кешенді 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өңір тұрғындары да жобаның сәтті іске асырылуына қолдау білдірді.
– Көптен күткен кешеннің құрылысы басталғанына қуаныштымыз. Енді Маңғыстау экономикасы тек мұнайға ғана емес, туризмге де арқа сүйей алады. Бұл жергілікті кәсіпкерлердің өз ісін дамытуына мүмкіндік береді, – деді облыстық мәслихат депутаты, Жаңаөзен қаласының тұрғыны Шәріп Ақжігітов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Бозжыраға барар жол бойындағы жол бойы сервисі нысанының құрылысымен танысты. Аумағы 12 гектарды құрайтын нысанда туристерге арналған ақпараттық тақталар, қоғамдық тамақтану орны және шағын демалыс базасы қарастырылған. Бұл нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.