Әубәкіров пен Айымбетов арасындағы таңғаларлық сәйкестіктер: 24 жылдық құпия
Олар бір күнде туған, бір оқу орнында оқыған, бір отбасының ғарышкерлерімен бірге самғаған. Бұл — қазақтың қос ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің өмір жолындағы ғажайып үндестік.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің тағдырында көзге ұрып тұратын ұқсастықтар көп.
Алдымен, екеуі де бір айда, бір күнде дүниеге келген (Шілде айының 27-де). Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы, Айдын Айымбетов 1972 жылы жарық дүние есігін ашқан.
Тағы бір ортақ тұс — олардың екеуі де Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін тәмамдаған. Тоқтар Оңғарбайұлы оқуын 1969 жылы аяқтаса, Айдын Ақанұлы 1993 жылы бітірген. Уақыт айырмасы — дәл 24 жыл.
Ғарышқа ұшу аралығы да ғажап сәйкестікпен өрілген: Әубәкіров көкке 1991 жылы көтерілсе, Айымбетов 2015 жылы самғады. Бұл жолы да араға 24 жыл түскен.
Бірақ ең ерекше тұсы — олардың ғарыш сапарындағы командирлері. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа Александр Волковпен бірге ұшса, Айдын Айымбетов сол Александр Волковтың ұлы — Сергей Волковпен бірге орбитада жұмыс істеді.
Бір күнде туып, бір жолды таңдаған қос ғарышкер — қазақтың көктегі армандарының айқын көрінісі. Ұқсас тағдырлар ұлт тарихында мәңгілікке жазылып қалды.