Ғалымдарды климаттың өзгеруі қызықтыруда
Елімізде ғылымның нақты қай бағыты жақсы дамып келе жатыр десек, қазір Ядролық физика институтындағы ғалымдардың жетістіктерін шетелдік мамандардың өзі мойындап отыр, - деп хабарлайды newsroom.kz
Елімізде ғылымның нақты қай бағыты жақсы дамып келе жатыр десек, қазір Ядролық физика институтындағы ғалымдардың жетістіктерін шетелдік мамандардың өзі мойындап отыр. Бұның өзі – мақтануға тұрарлық жоғары жетістік. Осы орайда, Атыраудан аталған институттың филиалын ашу да ойда бар екен.
– Ғылым бір орында тұрмайды, жыл сайын қарыштап дами береді, - дейді біз тілдескен ғалымдардың бірі, ғылым докторы Аққали Ахмет. – Қазір тіпті, радиацияны емдік мақсатта да пайдалануға болатыны дәлелденіп отыр. Бұл арқылы көптеген аурулардан емделуге болатыны айтылып та, дәлелденіп те жүр. Сондай-ақ, мұнайды алатын болсақ, біз оны 450 градусқа дейін қыздырып, одан бензин, керосин секілді өзімізге қажетті заттарды аламыз. Ал, енді осының бәрін айналаны түтіндетпей арнайы трубка арқылы да алуға болады. Бұдан бөлек, елімізде қазір медицина ғылымы да жақсы дамып жатыр.
Айтпақшы, білім берудің болондық жүйесін енді түсініп жатырмыз. Бұрын балаға тапсырманы үйіп-төгіп, артынан төмен бағаны сатырлатуыш едік. Енді болондық үрдіс бойынша дәріс тек 10-15 минут қана оқылады да, қалғаны студенттердің талқысына салынады. Осылайша, студент алда өтетін дәріске дайындалып келеді. Бұрынғыдай ешкім шұбыртып лекция жазып жатпайды. Бұл да болса, жоғары білім берудегі тың әдістердің бірі деп топшылауға болады.
Қазір тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе – климаттың күрт өзгеруі. Мәселен, Атырауда былтыр көктемде өр суы арнасынан асып, Құлсары қаласын басып қалды. Бұлай боларын ауа райын болжаушылар да күтпеді. Тіпті, мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз да дайын болмады. Ғалымдар мұның артында жаһандық жылыну мәселесі жатқанын айтады. Яғни, уақыт өткен сайын күн де мөлшерден тыс ысып жатыр. Осыдан келіп, Солтүстік мұзды мұхитта мұзтаулар еруде. Ал, күннің ысуына не әсер етті? Бұған өндірістің де өз әсері бар. Себебі, одан көптеген зиянды заттар шығып, ауаға қосылады. Сондықтан өндіріс қуатын шектеп отыру керек.
Соңғы кезде электр қуатымен немесе сутегімен қозғалатын көліктер көптеп шығарылуда. Неге? Себебі, мұнай-газ өндірісінен шығатын улы газдарды азайту керек боп жатыр. Жарық пен жылу беретін орталықтардың жұмысын да шектеу қажеттігі туындап отыр. Былайша айтқанда, әлем от жағудан бас тартуда. Өйткені, күннің ысып кетуінен қауіптенуде. Қарапайым мысал келтірсек, біз қазір көлікте жағып жүрген көмірқышқыл газы аспандағы озон қабатын тесіп өтіп, радиацияның көбірек түсуіне алып келуде. Бұдан күн ысымай қайтеді? Екіншіден, полимерден жасалған заттар әлемді жаулап алды. Біз оларды күнделікте өмірде пайдаланып келеміз. Ал, олар ұзақ уақытқа дейін ыдырамайтыны белгілі. Бұл табиғатқа ауыр зардабын тигізуде. Бұрынғы ата-бабаларымыз қандай ақылды болған десеңізші! Олар барлық масқатқа да бір дорбаны пайдаланатын еді. Одан ешкім жапа шеккен жоқ. Ал, қазіргі адамдар дорбамен жүруге ұялады ғой.
Қорыта келгенде, әңгімеміздің соңын Мемлекет басшысының: «Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек» деген сөзімен аяқтағымыз келеді.