Тіс щеткасы арқылы жұмысқа тұру

24 Наурыз, 2020 115 0

Қайбір жылы Ник деген иммигрант жігіттің оқиғасы жайлы оқыдым. Ол көптің бірі боп жан бағу үшін Америкаға келген еді. Бірақ не ақшасы жоқ, не ағылшынша білмейтін. 

Ол Нью- Йорктегі итальян мейрамханаларының біріне ыдыс жуушы боп орналасқысы келді. Бірақ бастыққа кірерден бұрын мейрамхана әжетханасына барып, оны мұнтаздай етіп қойды. Сосын тіс щеткасын алып, кафель тақтайшалардың арасындағы қуыстардың бәрін тазалап шықты. Әжетхананың іші жарқырап шыға келді. Белгіленген уақытта Ник мейрамхана басшысының алдына келді. Бастықтың жүзінен бір таңданысты байқады. Ол «Әжетханамызға әп-сәтте не болған өзі ?», - деп түсінбей отырған еді. Ештеңе айтпай-ақ Ник өз ісімен бастығына «Мен ыдыс-аяқты да тура осылай жуамын» дегендей болды.

Сөйтіп Ник жұмысқа қабылданды. Бір аптадан кейін көкөністерді турайтын кісі жұмыстан шығып, оның орнын Ник басты. Осылайша ол бас аспаз болу жолындағы алғашқы қадамын жасаған еді.

«Қазіргі кезде жұмыс табу қиын! » дегенді естігенде, Никтің оқиғасы еріксіз еске түседі. Никтің ынтасындай ынтамен жұмыс іздеуге кіріссең, алдыңнан мыңдаған жұмыстың күтіп тұрғанын байқар едің. Иә, дәл қазір дәл сенің қалаңда. Ник қазір миллиардер. Ал әлдекімдер Никтің жай ғана жолы болды деп ойлап жүрген шығар.


                                Дерек көз:  Данияр Жігітбек “Лайфхактар” кітабынан

Тегтер: Тісщеткасы, жұмысқаорналасу

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.