Жаңалықтар

Магнум дауы: басшылық кешірім сұрады

Magnum компаниясының жеткізу қызметіне қатысты оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғам назарын аударды. Осыған байланысты компания басшылығы ресми мәлімдеме жасап, тұтынушыларынан және барша халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушысы Асылхан есімді азамат Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс бергенін, жеткізу кезінде жеткізушінің одан қазақ тілінде сөйлеуді талап еткенін жазған болатын. Бұл жазба қоғамда түрлі пікірлер тудырып, кейбір азаматтар компанияға бойкот жариялауға шақырды.

Компания жетекшілері ел алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, туындаған келеңсіздік үшін көпшіліктен кешірім сұрады.

– Қадірлі тұтынушыларымыз, қымбатты отандастар! Соңғы күндері болған жағдай сіздердің де, біздің де көңілімізге кірбің түсірді.

Қазақ – сабырлы халық, кез келген түсініспеушілікті ақылмен шешкен елміз.

Біз де осы дәстүрді ұстанып, қызметкеріміз бен клиентіміз арасындағы келіспеушілікті реттедік. Тараптар бір-бірімен татуласып, өзара кешірім сұрап, қол алысты. Бүгінде мәселе толық шешіліп, қызметкеріміз өз жұмысын жалғастыруда.

Бәріміз қазақпыз. Осы елдің азаматымыз. Әрине, біз де қазақ тілін құрметтейміз. Ана тіліміз — басты құндылығымыз.

Оны білу - әрбіріміздің асыл парызымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді компанияның топ-менеджері Нияз Шапақов.