Жаңалықтар

Бишімбаев дәулетінен айырылуда

Сотталған Қуандық Бишімбаевтың балаларға төлейтін алимент көлемін азайтуына қатысты адвокаты Ерлан Ғазымжанов түсініктеме берді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Адвокаттың айтуынша, Бишімбаев пен оның отбасының алименттен толықтай бас тартқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ерлан Ғазымжановтың мәлімдеуінше, Қуандық Бишімбаев әкелік міндетінен бас тартпаған, тек тұрақты табысы жоқ болғандықтан алимент төлеу шарттарын қайта қарауды сұрап отыр.

"Заң бойынша қаржылық жағдайы айтарлықтай нашарлаған кезде алимент көлемін қайта қарастыру мүмкіндігі бар", – деді адвокат.

Сонымен қатар, Ғазымжановтың сөзінше, біраз уақыт бойы Бишімбаевтың ата-анасы өз еркімен немерелерінің алиментін төлеп келген. Алайда Назым Қахарманмен арадағы жанжалдан кейін олар көмектің көлемін өзгертуді ұйғарған.

"Назым Қахарман бірнеше рет Қуандықтың қарт ата-анасына тіл тигізіп, балалармен араласуына кедергі келтіріп, оларды отбасына қарсы қойған. Сондай-ақ, 'психологиялық тренингтер' деген атпен әлеуметтік желіде қысым көрсеткен. Осыған байланысты олар балаларды асырауға жеткілікті деп есептейтін соманы уақытша төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл ұстаным сот процесі аяқталғанға дейін сақталады", – деді Ерлан Ғазымжанов.

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман сотталған экс-министрдің отбасы үш балаға алимент төлеуді тоқтатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 2020 жылдан бері төлемдер үнемі кешігіп келген, ал емделуге, психологтарға және балалардың демалысына кететін шығындар ескерілмеген.

30 наурыз күні Бишімбаевтың отбасының адвокаты Назым Қахарманға алимент төлемінен толық бас тартатынын хабарлаған, бірақ себебін түсіндірмеген. Сондай-ақ Назым Қахарман Бишімбаевтың қарындасының өзін қаралау әрекеттерін жоққа шығарды.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев пен Назым Қахарман 14 жыл некеде болған. Қазіргі уақытта Бишімбаев азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр.