Жаңалықтар

Шерзат Болаттың өлімі: Соттың өтетін күні мен орны

Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысының басталатын күні белгілі болды, - деп хабарлайды newsroom.kz

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, іс бойынша алдын ала тыңдау 10 сәуір күні сағат 12:00-де Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтеді.

Шерзат Болаттың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев алдын ала тыңдау Талдықорғанда өтетінін, себебі күдіктілердің көпшілігі қазір сол қаладағы уақытша ұстау изоляторында екенін түсіндірді. Айыптамалық корпуста тоғыз адам отыр.

Бұған дейін Алматы облысының полиция департаменті Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлаған болатын. Тергеу аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынғаны, барлық күдіктілерден оқиға орнында айғақтар алынғаны, процеске қатысушылар арасында беттестірулер жүргізілгені, сондай-ақ жасалған қылмыстың барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілгені атап өтілді.

Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға беретін 8 бейнематериал зерттелді. Қылмыстық істің көлемі 62 томды құрады.

Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғарда жасөспірім айуандықпен өлтірілген болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат дүкенде әкесіне көмектесіп жүрген кезде агрессивті тұтынушымен жанжал басталған. Сатып алушы таныстарына телефон соғып, олар келіп, Шерзатты, әкесі мен ағасын пышақ пен мылтықпен ұрып-соға бастаған. Кісі өлтіру фактісін тергеуді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз бақылауына алды. Талғарға Ішкі істер министрлігінен топ жіберілді.