Жаңалықтар

7 жасар қыз ауруханада бір ай емделіп көз жұмды

Қостанайда 7 жасар қыз өкпе қабынуынан(пневмония) қайтыс болды, деп хабарлайды newsroom.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Оқиға биыл ақпан айында басталған. Раяна есімді қыз тұмау белгілерімен емханаға қаралып, антибиотик тағайындалған. Алайда температурасы қайта көтеріліп, жөтелі басылмаған. Кейін оған үш түрлі антибиотик ауыстырып берілгенімен, жағдайы жақсармаған. Содан кейін анасы өз бетімен қызын инфекциялық ауруханаға апарған.

"Дәрігер баланы қарап, тыңдады да: 'Сендерге мұнда не керек? Бәрі жақсы. Тамақ қана қызарып тұр. Үйге барып емделіңдер, мұнда инфекция жұқтырып аласыңдар', – деді. Мен: 'Қалай үйге қайтамыз, қызымның ыстығы түсер емес' дедім. Дәрігер: 'Егер қаласаңыз, жатқыза аламын', – деді. Мен келістім", – дейді Раянаның анасы Динара Қобжанова.

Ауруханада қыздан қан талдауы алынып, келесі күні рентген және іш құрылысының УДЗ тексерулері жасалған. Осы кезде баланың ауыр пневмонияға шалдыққаны белгілі болған. Алайда анасы бұл диагнозды тек қызының жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне түсер алдында бір-ақ білген. Қыз бала сол күйі тірі қалмады.

"Кез келген сауатты адам біледі: ешқандай тексеріс, талдау жасалмай тұрып антибиотик тағайындауға болмайды. Қызымда аллергия да, басқа ауру да болған жоқ. Бұл – ең қарапайым дәрігерлік әрекеттер", – дейді Раянаның әкесі Рүстем Қобжанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ата-аналардың емдеу процесіне байланысты ресми шағым түсірмегенін мәлімдеді. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, жағдай толық зерттелуде. Ал полиция алдын ала тергеуді бастап кетті.

"Қазіргі уақытта тиісті сараптама тағайындалды. Сонымен қатар облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті де тексеру жүргізеді. Сараптама мен тексеру нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деді Қостанай облыстық ПД баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.

Қыздың ата-анасы поликлиника, жедел жәрдем және инфекциялық аурухана дәрігерлерін жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, дер кезінде талдау мен рентген жасалғанда, бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді.