Жаңалықтар

Қазақстандықтар eGov арқылы өз атына қанша SIM-карта тіркелгенін тексере алады

Қазақстандықтар енді өз атына қанша SIM-карта тіркелгенін оңай тексере алады. eGov mobile қосымшасына жаңа функция қосылды. Ол арқылы азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) немесе IMEI-коды бойынша тіркелген нөмірлер санын біле алады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Бұл жаңашылдық мобильді нөмірлердің заңсыз тіркелуімен күресуге көмектеседі.

Жаңа қызметті қалай пайдалануға болады?

eGov mobile қосымшасына ЭЦҚ немесе SMS-код арқылы кіріңіз.

"Танымал қызметтер" бөлімінен "Абоненттік құрылғының IMEI-ін тексеру" қызметін таңдаңыз.

Қызмет арқылы келесі ақпараттарды білуге болады:

  • Сіздің IMEI-кодыңыз деректер базасында бар ма?
  • Сіздің IMEI-кодыңыз бойынша қанша SIM-карта тіркелген?
  • Сіздің ЖСН бойынша қанша телефон нөмірі рәсімделген?

Қажетті деректерді алу үшін тиісті тармақты таңдап, өзіңіздің ЖСН немесе IMEI-кодыңызды енгізіңіз.

Айта кетерлігі, бұл сервис нақты телефон нөмірлерін көрсетпейді. Ол тек тіркелген SIM-карталардың жалпы санын және олардың қай мобильді операторға тиесілі екенін ғана хабарлайды.

Қазіргі уақытта қызмет тек eGov mobile қосымшасы арқылы қолжетімді.