Жаңалықтар

2050 жылы Қазақстан халқының саны 27,5 миллионға жетеді

2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 27,5 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Бұл туралы Сенаттың комитет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.  

Вице-министрдің айтуынша, Еңбек министрлігі жыл сайын демографиялық болжамдар жасап отырады және олардың нәтижесі халық санының тұрақты өсуін көрсетіп отыр. Алайда бұл өсім аймақтар бойынша әркелкі болмақ. Негізгі өсім мегаполистерге тиесілі, оның ішінде көші-қон есебінен де халық саны арта түседі. 2024 жылдың өзінде көші-қон нәтижесінде мегаполистердің халқы 127 мың адамға көбейген. Ал керісінше, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде халық саны азаюда. Бұл үрдіске халықтың табиғи қозғалысы мен көші-қон үдерістері әсер етіп отыр, – деді Анафин.  

Солтүстікте туу көрсеткіші төмен, орта жас жоғары  

Солтүстік өңірлерде туу көрсеткіші төмендеп барады, бұл құбылыс тұрақты сипат ала бастаған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында әр мың адамға шаққанда 9,7 туу, Қостанай облысында – 11 туу көрсеткіші тіркелген. Ал Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш 2024 жылы әр мың адамға 18,1 туған. Сонымен қатар солтүстік өңірлерде өлім-жітім деңгейі жоғары. Әр мың адамға шаққанда Солтүстік Қазақстан облысында – 11,5, Қостанай облысында – 10 жағдай тіркелген. Ал ел бойынша орташа көрсеткіш – 6,6. Бұған солтүстік өңірлердегі халықтың орта жасының жоғары болуы әсер етуде. Бұл аймақтағы орташа жас – 37, ал Солтүстік Қазақстан облысында – 39 жас, орталық пен шығыс өңірлерде – 36 жас. Ал Қазақстан бойынша орташа жас – 32 жас, – деді вице-министр.  

2050 жылы зейнеткерлердің үлесі артады 

2050 жылға қарай Қазақстан халқының орташа жасы 33 жасқа дейін өседі деп күтілуде. Дегенмен солтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш 41 жасқа дейін, орталық және шығыс аймақтарда 40 жасқа дейін ұлғаюы мүмкін.  

2024 жылы солтүстік өңірлерде еңбекке жарамсыз жастағы (зейнет жасынан асқан) халықтың үлесі – 17%-ды құраса, Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш – 11%-ды құрап отыр. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш солтүстік өңірлерде 22%-ға, республика бойынша 14%-ға дейін артады деп болжануда.