Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, оңалту мекемелеріне бақылау орнатылмайынша, сапалы көмек көрсету мүмкін емес. Партия бұл салада ашықтық пен жауапкершілікті күшейту қажет деп санайды.
"Тәуелділікке шалдыққан адамдарды оңалту кешенді медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтуы тиіс. Біз оңалту мекемелерінің қызметін реттеп, арнайы есепке алу жүйесін жетілдіруіміз керек", – деді Сүлейменова.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев қазіргі таңда Қазақстанда 20 психикалық денсаулық орталығы, 83 психоневрологиялық диспансер, 207 психологиялық көмек кабинеті жұмыс істейтінін айтты. Ел бойынша психикалық ауытқулары бар 110 мың адам динамикалық бақылауда, оның 91 мыңы – алкогольге, 18 мыңы – есірткіге тәуелді.
Вице-министр жекеменшік оңалту орталықтарының мәселесіне де тоқталды. Елде лицензиясыз қызмет көрсететін 66 оңалту орталығы бар, олардың қызметін реттеу үшін жаңа стандарттар әзірленіп жатыр.
"Бақылауды күшейтіп, лицензиялау талаптарын енгізу қажет. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізуде", – деді Нұрлыбаев.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан ақыл-ойы бұзылған және аутизмі бар балаларға медициналық көмектен бөлек, әлеуметтік бейімделу мен құқықтық қолдау шараларын қарастыруды ұсынды.
"Қазақстанда психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған 73 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар, онда 16 мыңнан астам адам қамтылған. Биылдан бастап бұл мекемелерге міндетті лицензиялау енгізіледі", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Төлеген Оспанқұлов.
Жиын соңында Жұлдыз Сүлейменова оңалту саласындағы реформалар жалғасатынын атап өтті.