Жеңіске 80 жыл: Президент бірыңғай мерекелік медаль туралы жарлыққа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл" атты бірыңғай мерекелік медаль тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды newsroom.kz Ақорда баспасөзіне сілтеме жасап.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл медальмен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері және басқа да азаматтар марапатталады.
Жарлыққа түсіндірме жазбада бұл шешім 2024 жылғы 10 маусымда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған бірыңғай мерейтойлық медальді белгілеу туралы" шешіміне негізделгені айтылған.
Марапатталатындар қатарына кіреді:
- Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер;
- Соғыс кезінде қызмет еткен әскери қызметшілер;
- Соғыс салдарынан жарақат алып, мүгедек болған әскери қызметшілер мен жұмысшылар;
- Қаза тапқан жауынгерлердің жұбайлары мен жесірлері;
- Кәмелетке толмаған концлагерь және гетто тұтқындары.
Медальді табыстау рәсімі Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары арқылы Президент атынан және тапсырмасы бойынша, тізімдер бекітілген күннен бастап алты ай ішінде жүзеге асырылады.
Медальмен бірге марапатталушыға медаль куәлігі де беріледі.
Жарлық ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.