Коронавирусқа байланысты 2 ел Олимпиадаға қатыспайтынын хабарлады

23 Наурыз, 2020 412 0

Бүгін коронавирус індетінің өршуіне байланысты екі мемлекет Токио Олимпиадасына спортшы жібермейтінін жеткізді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.

Канада олимпиада комитеті Токио Олимпиадасына өз спортшыларын жібермейтінін жариялады. Канада спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды екендігін айтып, Халықаралық олимпиада және Халықаралық паралимпиада комитеттері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын Олимпиаданы бір жылға кейінге қалдыруға шақырды. Айта кетейік, 2016 жылы Рио Олимпиадасында Канададан 314 спортшы қатысып, 22 медальға ие болған еді.

Канададан кейін Аустралия олимпиада комитеті де коронавирус кеңінен етек алған қазіргідей жағдайда Токио Олимпиадасына өз құрамасын жинай алмайтынын, сондықтан келесі жылға әзірленетінін мәлім етті. Рио Олимпиадасына Аустралиядан 421 спортшы барып, 29 медальмен бұл елдің құрамасы жалпыкомандалық есепте 8-орынға көтерілген болатын.

Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах биылғы Олимпиадаға байланысты түпкілікті шешім төрт аптадан кейін қабылданатынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Жапониядағы жағдай біртіндеп түзеліп келеді. Ұйымдастыру комитеті 24 шілде мен 9 тамызға жоспарланған жарысты бір айға немесе 45 күнге шегеру мәселесін де қарастыруы мүмкін.

Тегтер: ТокиоОлимпиадасы, Канада, Коронавирус, Австралия, ТомасБах,

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.