Мәдениет

Жас зерттеушілерге тың тақырып: Құмай, Һомай, Хумаюн

Белгілі тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаев жас этнографтарға зерттеуге лайық жаңа тақырыптар ұсынды. Ол башқұрт халқының соңғы күндері көпшілік арасында "хит" болып жүрген «Һомай» әніне назар аударып, әлеуметтік желідегі парақшасында бұл шығарманың тарихи-мәдени астарын талдады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Башқұрттың «Һомай» әні хит болып жүр екен. Қазақ жастары жаны қалмай қолдап жатқан сияқты. Өңделуі, костюмдері, ұлттық музыука аспаптары жап-жақсы, менің ойымша мына ауыр заманда орыстың бұғауында, орыс-украин соғысының өтінде жүрген башқұрттың тәуелсіз рухын көтеретін сияқты, - дейді профессор Артықбаев. 

«Һомай» әні башқұрттың «Орал батыр» эпосына негізделген дейді. Бұл жыр ежелгі дәуірдің аңыздық түсініктерін бойына жинаған туынды болғандықтан, оны сақ-скиф (скуз) кезеңдерін зерттеуде маңызды дереккөз ретінде қарастыруға болады.

Құмайдың қазақ мифологиясындағы орны

Профессор Құмай туралы қазақтағы түсініктерге де тоқталды. Оның айтуынша, халқымызда Құмайды күн сәулесінен жаралған киелі құс деп қабылдамаған. Керісінше, бала кезіндегі әкесінің әңгімелеріне сүйене отырып, Құмай тазы итала қаздың жұмыртқасынан шығатыны туралы аңыз барын еске алады.

Бұдан бөлек, Құмай сөзі қазақтың кейбір өңірлерінде жыртқыш құсты білдіреді. Ғалым бұл бейнені сақ-скиф дәуіріндегі аң стиліндегі өнердегі грифон бейнесімен салыстырады. Оның пікірінше, бұл құс өздігінен аңшылық қылмай, көбінесе өлексе жейтіндіктен, қасиетті санатқа не себепті енгені әлі де терең зерттеуді қажет етеді.

Һомай мен Хумаюнның түп тамыры

Профессор Артықбаев «Құмай» сөзін парсыдан енген деген пікірлерді қате деп санайды. Ол бұл атаулардың Иран мен Тұранның тілі ортақ болған кезеңдерден қалғанын алға тартады. Сонымен қатар, ол атақты Бабырдың ұлы Хумаюн туралы да сөз қозғап, оның есімінің «бақытты, текті, бекзат» деген мағынаға ие екенін атап өтеді. Бұл сөздің Құмаймен қандай байланысы барын анықтау болашақ зерттеушілердің еншісінде.

Жас зерттеушілерге тың бағыт

Профессор Жамбыл Артықбаевтың бұл жазбасы жас этнографтар мен тарихшылар үшін үлкен ізденіс алаңын ашып отыр. Қазақ мифологиясындағы Құмай құс, башқұрт эпосындағы Һомай және тарихи тұлғалардың есімдеріндегі Хумаюн атауы – барлығы ортақ бір тамырдан шығуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, жас зерттеушілерге бұл тақырыпты тереңірек зерделеу қажет.