Жаңалықтар

Қазақстандық ұшақ Бакуге шұғыл қонуға мәжбүр болды

"Air Astana" әуе компаниясының Тбилиси – Алматы бағытында ұшқан Airbus A321 әуе кемесі жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Баку қаласындағы Гейдар Алиев атындағы халықаралық әуежайға шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.  Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлағаны туралы әзірбайжандық Oxu.Az сайты жариялады.

Мәліметке сәйкес, экипаждың сұранысынан кейін әуежайдың дағдарысты басқару қызметі шұғыл іске қосылып, барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша 00:25-те сәтті қонған.

Жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін жедел жәрдем қызметімен қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілген.

Сонымен қатар, "Air Astana" әуе компаниясының шешімімен рейс кейінге шегеріліп, қалған жолаушылар қонақүйге орналастырылған.

Гейдар Алиев атындағы халықаралық әуежайы жолаушылар қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайларға жедел және кәсіби әрекет етуді жалғастыратынын мәлімдеді.