Президент: Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі туралы айтты, - деп хабарлайды newsroom.kz
«Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ.
Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ»,- деді Президент Ұлттық құрылтай отырысында.
Айта кетелік, Үкімет отырысында уақыт белдеуі мәселесіне назар аударылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халық денсаулығына қаншалық әсер еткенін анықтауды мақсат еткен мониторинг нәтижелерін баяндады.
"Денсаулық сақтау саласы бойынша 100 мың адамға есептелген қала және ауыл тұрғындарымен қатар, түрлі жастағы азаматтар қамтылды. Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын тұтыну статистикасы, оның ішінде ең жоғары жүктемелер және бүкіл ел бойынша электр энергиясын тұтыну салыстырылды. Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу және сабаққа келмеу жағдайлары, жарақаттар мен тәртіп бұзу жағдайлары қамтылды. Нәтижелер бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері жоқ екенін көрсетеді", - деп түсіндірді Арман Шаққалиев.