Президент салық реформасына қатысты пікір білдірді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда салық реформасы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік құрылымның тірегі, ал бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндеттерін толық орындай алмайды.
Президент салық реформасы туралы:
"Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа түсіндіру қажет. Барлығы бірдей экономист немесе қаржыгер емес. Сондықтан реформаның мәнін қарапайым, түсінікті тілмен жеткізу маңызды", – деді Мемлекет басшысы.
Үкіметтің жаңа салық тәсілдері:
Тоқаев Үкіметтің салық реформасына қатысты жаңа тәсілдері негізінен дұрыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер негізгі экономикалық және әлеуметтік факторларды ескере отырып дайындалған.
"Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігін түсініп отыр. Дегенмен кейбір азаматтар ұсынылған шараларға сын айтып жатыр. Бірақ бұл пікірлер шынайы жағдайға толық сәйкес келе бермейді", – деді Президент.
Бюджет қаржысының тиімділігі:
Мемлекет басшысы бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалатынын баса айтты. Ол білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
"Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Бірақ көмек шын мұқтаж азаматтарға ғана берілуі керек. Алаяқтыққа жол берілмейді. Сол себепті басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды", – деді Тоқаев.
Салық жүйесіндегі әділетсіздік:
Президент елдегі салық жүйесінің қазіргі жағдайын сынға алып, оның бизнес үшін әділетсіздік туғызатынын айтты.
"Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Бұл елде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі тобы пайда болды: бірі – салықты толық төлейтіндер, екіншісі – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, табысын азайтып көрсететіндер. Нәтижесінде, адал салық төлеушілер бәсекеге төтеп бере алмай жатыр", – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Үкімет бизнесін бөлшектеу арқылы салықтан жалтаруға тырысатындардың әрекетіне ерекше назар аударуы тиіс. Себебі мұндай жағдай елде кеңінен белең алған.
Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағы үшін маңызды екенін де атап өтті.
«Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады... Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс», деді президент өз сөзінде.
Тоқаев салық реформасын кейінге қалдырмай, дәл қазір іске асыру қажеттігін баса айтты.