Ораза айт мейрамы қалай пайда болды?
Отыз күн оразадан кейін мұсылман қауымы өздеріне берілген шексіз нығметке шүкіршілік айтып, ағайын-туыспен мерекелік көңіл-күйде қауышады. Ораза айт қалай пайда болды? Айт күні қандай амалдар жасау керек? Бұл мейрамның тарихы мен ерекшеліктері жайлы мақаламызда айтатын боламыз,- деп хабарлайды newsroom.kz
Ораза айт қалай пайда болды?
Ислам тарихына үңілсек, Ораза айтмейрамы 624-жылдан бері аталып өтіп келеді деген дерек бар. Айт сөзі оразаның "қарымтасы" берілетін күн деп те айтылады. Яғни, ораза айт – отыз күн бойы Алланың разылығы үшін ауыз бекіткен мұсылманның қуанышқа бөленетін күні.
Анас (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисте: "Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Бұл қандай күндер?", - деп сұрағанда: "Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк", - дедi. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды", - дедi.
Ораза айтта қандай амалдар жасау керек?
Ораза айт мейрамында мына амалдарды жүзеге асырған абзал:
• Пітір садақасын беру. Пітір садақасы Рамазан айы туған сәттен айт намазы басталғанша берілуге тиіс. Бұхари, Мүслимнің хадистер жинағында "Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға рамазан айында пітір садақасын беруді парыз етті", - деген риуаяттар бар.
• Тәкбір айту. "Бақара" сүресінің 185-аятында: "Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар", - деп жазылған.
• Айт намазын оқу. Айт күні ең бірінші орындалуға тиіс уәжіп амал болып саналады. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде бірде-бір рет айт намазын қалдырмай оқығаны жайлы хадистеркелтірілген.
• Намазға барарда құрма жеп шығу. Намазға барардың алдында құрма жеу сүннет амалға жатады. Бұл оразаның аяқталып, айт мерекесінің басталғанын білдіреді.
• Ғұсыл құйыну, жаңа киім кию, әтірлену. Тазалық – иманның жартысы. Ғалымдар айт күнінде хош иіс сеуіп, жаңа киім киген абзал екенін айтқан. Алайда ер адамдарға жібек матадан тігілген киім киюге болмайтынын ескерткен.
• Адамдарды қуанту. Қазақ халқында айттық сұрау дәстүрі бар. Сондықтан да айт мейрамымен құттықтап, айттық сұраған адамды құр қол қайтармайды.