ҚМДБ: Ауызашар дастарханы бәсекеге емес, берекеге құрылуы тиіс
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қасиетті Рамазан айында мейрамхана, кафе және дәмхана иелерін ауызашар мәзірін халыққа қолжетімді етіп ұсынуға шақырды деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.
ҚМДБ мәлімдемесінде Рамазан айының мұсылман баласын рухани тәрбиелейтін, қарапайымдылық пен кішіпейілділікке баулитын кезең екені атап өтілді. Бұл айда жасалған әрбір жақсылықтың сауабы еселенеді, ал мұқтаж жанға көмек көрсету – сауапты іс. Соның бірі – аузы берік жанға ауызашар беру.
Алайда соңғы уақытта бірқатар қоғамдық тамақтану орындарының ауызашар мәзірін тым жоғары бағамен ұсынуы халық арасында түсінбеушілік туғызып отыр.
«Ысырапқа жол бермеу керек»
ҚМДБ өкілдері ауызашар дастарқаны қарапайымдылыққа негізделуі тиіс екенін ескертеді. Дініміз ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермейді. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деп ескертілген («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Осыған байланысты ҚМДБ кәсіпкерлерді Рамазан айында халыққа қолжетімді әрі қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға үндейді.
«Алла Тағала халқымызға екі дүние бақытын нәсіп етіп, қасиетті Рамазан айында жасаған ізгі амалдарымызға мол сауаптан жазғай. Әумин!» – делінген мәлімдемеде.