Перизат Қайрат басқаратын қор жабылатын болды
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін жою туралы Әділет департаментінің талап-арызын қарады. Бұл ұйымның жетекшісі Перизат Қайрат болған, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, аталған ұйым 2021 жылдың 11 қазанында тіркелген. Құрылтайшылар тізімінде 10 адамның есімі көрсетілген, оның ішінде Перизат Қайрат та бар.
"Тергеу барысында құжаттардағы қолтаңбаларға сараптама жасалып, оның қорытындысына сәйкес 10 құрылтайшының 9-ының орнына Перизат Қайрат өзі қол қойғаны анықталды", – делінген сот хабарламасында.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 49-бабына сәйкес, егер заңды тұлға тіркеу кезінде заңнаманы өрескел бұзса және оны түзету мүмкін болмаса, оны сот шешімімен жоюға болады.
"Сот ұйымды тіркеу барысында заң бұзушылықтар болғанын ескере отырып, Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады сот өкілдері.
Бұған дейін Әділет министрлігі Перизат Қайрат басшылық еткен бұл қоғамдық бірлестікті тарату туралы талап-арыз берілгенін хабарлаған болатын.
Перизат Қайраттың анасы да күдікке ілінді
Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаева да қылмыстық іске күдікті ретінде танылған. 2024 жылдың 20 желтоқсанында оның қаржы жымқыру ісіне қатысы бар деген ақпарат тараған. Ал 19 ақпанда Мәжіліс кулуарында журналистер Қаржы мониторингі агенттігінің өкілінен бұл іске қатысты сұрақ қойған.
Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, Ғайни Алашбаева алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактісі бойынша күдікке ілінген.
Перизат Қайрат ісіне қатысты тергеу аяқталуға жақын
Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайратқа қатысты тергеу ісі аяқталуға жақын екенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қарашасында АФМ волонтерлік қозғалыстың белсендісі және қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді.
Бұған дейін сот санкциясымен Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі мен бағалы заттарына тыйым салынғаны хабарланған болатын.