Жаңалықтар

Түркістанда 2,5 тонна наурыз көже әзірленеді

Түркістанда 19 наурыз күні «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» тақырыбында туристік маусымы ашылмақ.  Бұл жайында Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

«Биыл өңіріміз үшін тарихи оқиға орын алуда. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң қабылданды. Бұл құжат - қаланың халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуына үлкен мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, өңірге келетін туристер санын арттырып, Түркістанның мәдени және рухани мұрасын кеңінен насихаттау көзделіп отыр» - деді спикер.

Туристік маусымның ашылу салтанатында «Jana lep» шығармашылық ұжымы, «Самғау» би ансамблі, ұлттық аспаптарда орындаушылар, DJ Shamil және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, от шоуы, сиқыршылар қойылымы, барабан шоуы және поэзия кештері өтеді. Іс-шара барысында 2,5 тонна наурыз көже дайындалып, Қазақстанның «Киннес» рекорды жаңартылмақ. Сонымен қатар, шаһарда 19 наурыз күні «Түркістан-түркі әлемінің рухани астанасы» республикалық туристік форумы өтеді. Жиынға Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы бизнес өкілдері, қолөнершілер қатысуы жоспарланып отыр.