Су тасқыны болуы мүмкін бе: ел аумағының 71%-ын қар басып жатыр
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында Қазақстан аумағының 71%-ын әлі де қар басып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қардың еруі оңтүстіктегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ батыстағы Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында басталған.
Қауіпті кезең жақындап келеді
11 наурыздағы жағдай бойынша қар жамылғысы өткен аптаға қарағанда 15%-ға азайған. Алайда орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жинақталу процесі әлі жалғасуда. Наурыз айында бұл өңірлерде жауын-шашын мөлшері екі айлық нормадан асып түсуі мүмкін. Мәселен, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде бір айлық жауын-шашын мөлшері түскен.
Министрдің айтуынша, наурызда ауа температурасының күрт көтерілуі және жауын-шашынның мол түсуі таулы өзендерде еріген қар мен жаңбыр суының тасуына себеп болуы мүмкін.
Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар
- Қауіп жоғары аймақтар қатарына – Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары.
- Қауіп орташа аймақтар – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
- Аса қауіп байқалмайтын аймақтар – Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
Қазгидромет бақылауды күшейтті
Биыл алғаш рет "Қазгидромет" әр облысқа арналған жеке есептер дайындап, онда өзендердегі су деңгейі, судың шығыны және елді мекендер үшін қауіп төндіретін болжамды күндер көрсетілді. Сонымен қатар, өткен аптадан бастап апта сайын гидрологиялық болжамдар жариялануда. Егер ауа райы күрт өзгерсе, "Қазгидромет" 2-3 тәулік бұрын дауылды ескерту жасап, тиісті органдарды хабардар етеді.
"Қардың еруі мен жауын-шашын көлемі басты қауіп төндіріп отыр. Сондықтан алдын алу шараларын күшейту қажет," – деп түйіндеді министр.
Ресей су қоймаларын ашып жібермеуіне кім кепіл?
Қазақстан аумағы негізгі ірі трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Олардың ішіндегі ең көлемдісі – Ертіс, ал ең шағыны – Талас өзені.
Еліміздегі трансшекаралық су ресурстарының мәселесін шешу Үкіметтен кешенді әрі жүйелі жұмыстарды талап етеді. Іле, Ертіс, Сырдария және Жайық сияқты өзендер көршілес мемлекеттердің аумағынан бастау алатындықтан, олардың тасуы немесе су деңгейін реттеу мәселесі осы елдер арасындағы келісімдерге тәуелді. Бұл өз кезегінде Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен тығыз ынтымақтастықты қажет етеді.
Трансшекаралық өзендерге қатысты мәселелер үкіметаралық келісімдер арқылы реттеледі. Осы мақсатта Қазақстан көрші елдермен бірлесіп жұмыс істеп, су ресурстарын тиімді басқаруға күш салып келеді.
Былтырғыдай дағдарысты болдырмас үшін үш апта бұрын Жайық өзенінің бассейніндегі су жағдайы мен гидрологиялық болжамды ескере отырып Ресей Иреклі су қоймасын ашқан болатын. Мол су еліміздегі Жайық өзеніне бір айдан кейін жететіні болжанған еді.
Айта кетейік, 2010 жылдың 7 қыркүйегінде Қазақстан мен Ресей "Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы" келісімге қол қойған. Бұл құжат екі елдің су ресурстарын тиімді әрі әділ басқаруына мүмкіндік береді.