Әлем

Балу тек мультфильмде емес: адаммен тұратын аю

Шешенстан тұрғыны Апти Джамалдаев үйінде аю ұстайды. Оған “Балу” деген есім беріп, екі айлығынан бері асырап келеді. Ол бұл есімді “Маугли” мультфильмінен алған. Қонжықты иесінің Ингушетиялық досы  өлі аюдың қасынан тауып алған екен. Бүгінде екі жасқа толған Балу толықтай адам ортасына бейімделген.  

Иесінің айтуынша Балу көңілді және өте белсенді аю. Ол көліктерді тырнап, иесімен күрескенді ұнатады. Сонымен қатар, балықшыларды көлге итеріп жіберіп, билеп кететіні де бар.  

Апти Балуды кішкентайынан өз үйінде бағып, балалар ботқасымен тамақтандырған. Бүгінде ол түрлі тағам жей алады, бірақ иесі қанды ет бермейді. Таңқаларлығы, аю өзіне қамқор болған итті анасындай көреді екен.

Иесі аюдың табиғатта өмір сүре алмайтынын айтады. Егер оны орманға жіберсе, басқа аюлар шабуылынан өліп қалуы мүмкін, ал адамдарға жақындаса, оны атып тастауы ықтимал.  

Апти Instagram-да Балудың видеоларын жариялап отырады. Бұл контент кең аудитория жинап, танымалдылыққа әкелді. Алайда қоғам пікірі екіге бөлінген: бірі аюды табиғатқа жіберуді талап етсе, екіншілері Аптидің қамқорлығын қолдайды.  

Балу танымал болғаннан кейін оны көруге арнайы келетіндер көбейген.

Бір қызығы, “үй аюы” назарда болғанды ұнатады. Иесінің ерекше мінезін байқап, ол жалғыз кіргенде тыныш отырып, басқа адамдар келгенде «өнерін» көрсетіп, қожайынымен күресе бастайды екен.

Апти бала кезінен жануарларды жақсы көреді. Тіпті, қасқырлары да болыпты, кейін оларды табиғатқа жіберген. Қазір ол Балумен бірге ат, есек, үйрек, ит пен қояндарды да асырайды.

«Егер жануарлар сөйлей алса, адамдармен дос болмайтын едім»,– дейді ол.