Жаңалықтар

Абай облысында жауған қар адам бойынан асып кетті

Абай облысы Үржар ауданында үш күннен бері тоқтамай жауған қалың қар үйлерді басып, адам бойынан да асып кетті, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі. 

Ауыл тұрғындарының айтуынша, үш күн бұрын ғана қар еріп, көктемнің лебі сезіле бастаған екен. 

“Қалың қар жауғаннан кейін бірнеше ауылда электр тоғы өшіп біраз әбігерге түстік. Қазір күн шығып, жағдай жақсарып қалды. Мердігер Юнадий ағамызға рахмет. Ол қар басқан жолдарды күн-түн демей тазалап отырды. Ауылдың көшелерін де түн ішінде тазалап жүрді”, дейді ауданға қарасты Бестерек ауылының тұрғыны Медет Қасымбеков.

Бүгін Қазымбет ауылындағы адам бойынан асып кететін қарды таспалаған видео  әлеуметтік желіде тараған еді.
Желі қолданушылары қалың қардың еріп, жерге сіңу мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, басшылық ертерек қимылдаса екен дейді.