Бір тәулік ішінде Астанада 100-ге жуық жол апаты орын алды
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанада бүгін таңертеңнен бері жүзге жуық жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ, ауа райының күрт нашарлауына байланысты Елордадан шығатын барлық тасжолдар жабылды. Құзырлы органдар тұрғындар мен қала қонақтарына қаладан тыс сапарларды кейінге қалдыруды ұсынады.
"Коммуналдық қызметтердің қар тазалау жұмыстарына кедергі келтірмеу үшін көліктерді жол жиегіне қалдырмауыңызды сұраймыз", – делінген ресми хабарламада.
Құқық қорғау органдары көлік жүргізушілерін жолда аса сақ болуға шақырып, нашар көріну мен көктайғақтың қауіптілігін ескеру қажеттігін атап өтті.
"Жеке көлікпен жолға шыққанда ауа райының өзгерістерін қаперде ұстау маңызды. Қарлы боран мен көктайғақ салдарынан қозғалыс қиындап, тежелу уақыты ұзарады. Сол себепті кенеттен маневр жасамауға, көліктер арасындағы арақашықтықты әдеттегіден 1,5-2 есе арттыруға кеңес береміз", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Елордада қатты боран, ал Ақмола облысында барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылған.