Астанада қалың қар жауды: полиция жол қозғалысына қатысушыларды сақ болуға шақырды
Астана полициясы ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда сақтық танытуға кеңес берді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі Астана ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жүргізушілерден барынша мұқият болуды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды, кенеттен тежелуден аулақ болуды, арақашықтық пен бүйірлік интервалды сақтауды сұраймыз. Сондай-ақ көлікті тек рұқсат етілген орындарға қоюды, жол бойында қалдырмауды және патрульдік полиция қызметкерлерінің талаптарын орындауды ескертеміз", – делінген хабарламада.
Полиция қала сыртындағы жолдарда қозғалыстың уақытша шектелуі мүмкін екенін ескертіп, алыс сапарларға шықпауға кеңес берді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше қоғамдық көліктерді пайдалануды ұсынды.
Жаяу жүргіншілерге де ерекше сақ болу қажеттігі айтылды.
"Көшені тек белгіленген жерлерден кесіп өтіңіз, жарық шағылыстыратын элементтерді қолданыңыз. Жолдан өтерде құлаққапты шешіп, телефонға назар аудармауға тырысыңыз. Құрметті қала тұрғындары, өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!", – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.