Сараптама

Тазалықшы әйелдердің ерлігі елді сүйсінтті! (+ФОТО)

Атыраулық тазалықшы әйелдердің ерлігі елді сүйсінтті, - деп хабарлайды newsroom.kz

Атыраулық тазалықшы әйелдердің ерлігі елді сүйсінтті! Олар боран мен қарға қарамастан, күн сайын күрек-сыпырғыштармен қаруланып қаламыздың тазалығы мен қауіпсіздігі үшін жұмысқа шығады.

37 жастағы Махаббат Құдабергенова 14 жылдан бері коммуналдық қызметте еңбек етіп келеді. Оның жұмыс күні таңғы сағат жетіде, қала жаңа оянған сәтте басталады. Қытымыр қыста ол көшені қардан тазаласа, ал, шіліңгір шілдеде шөп шабады.

"Кофеден гөрі адамды сақылдаған саршұнақ аяз жақсы оятады", — деп күледі Махаббат. — "Иә, жұмыс оңай емес, бірақ мен үйреніп қалдым. Биыл көктемнің басы қарлы болды, бірақ табиғатта қолайсыз ауа-райы болмайды ғой. Біз өз жұмысымызды мақтанышпен жасаймыз, өйткені оның қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Біреулердің көңілі толмай жатады, ал біреу, керісінше, біздің жұмысымызды бағалайды. Бірде біз жағалаудағы қарды тазалап жатқан кезде, өтіп бара жатқан әйел ақжарма алғысын айтты. Ал, кейде оған қарама-қайшы пікірлерді де естіп жатамыз. Әйтсе де, оған да түсіністікпен қараймыз, еш ренжімейміз".

https://atpress.kz/images/2025-02/1478999.jpg

Қиын жағдайларға қарамастан, бұл әйелдер шағымданбайды. Олардың пікірінше, бұл жұмыс тек физикалық күшті ғана емес, сонымен қатар төзімділік пен табандылықты да талап етеді.

"Бізде орташа жалақы 200 мың теңге, бірақ ол да жұмыс істеген сағаттар санына байланысты. Әрине, ауа райы бұзылған кезде біздің жұмыс жандана түседі. Бірақ, бұл кезде біздің көңіл-күйіміз түсіп кетпейді. Керісінше, тұрғындардың аппақ алғысына бөленіп, мәз-мейрам боламыз" дейді кейіпкеріміз.

https://atpress.kz/images/2025-02/8269999.jpg

Жауапты учаске бастығы Нұрбиға Нұғманова өз қарамағында жұмыс жасап жатқан әріптестері туралы жақсы пікірмен бөлісті.

"Менде үш учаске бар, олардың әрқайсысында 60 адам жұмыс істейді, олардың отызы - әйелдер. Бәрінің жүктемесі бірдей, сәйкесінше, ешкім шағымданбайды. Кейде кешкі жетіден таңғы төртке дейін түнгі ауысымда жұмыс жасауға тура келеді. Ержүрек әйелдер қар мен жаңбырға қарамай еңбек етуде. Олардың барлығы арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген: жылы күртеше, қалың шалбар, су өткізбейтін аяқкиім, қолғап, т.б. Мен өз әріптестерімді мақтан тұтамын" дейді ол.