Астанада ақылы автотұрақтар мемлекет меншігіне өтті: Баға қалай өзгермек?
Астанадағы ақылы автотұрақтарды басқару жүйесі толығымен мемлекет қарамағына өтті. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерсін Отебаев хабарлады. Оның айтуынша, жеке меншік автотұрақ иелерімен келісімшарт бұзылып, мүліктік даулар сот арқылы шешілетін болады.
Қазіргі уақытта автотұрақтың бағасы өзгермейді. Болашақта белгілі бір түзетулер болуы мүмкін, алайда олар қоғамдық талқылаудан кейін, қала тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданады.
Кімдерге тегін?
Бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, сонымен қатар ақылы тұрақтар маңында тұратын тұрғындар бұрынғыша тегін тұрақты пайдалана алады. Әлеуметтік нысандар – ауруханалар мен мектептер үшін де төлемсіз тұру тәртібі сақталады.
Мемлекеттік реттеу
«Тұрғындардың пікірін ескеріп, мемлекеттік реттеуге көшіп отырмыз. Енді бұл іспен мемлекет қатысы бар кәсіпорын айналысады», – деді Отебаев.
Қаржы ағыны
Ақылы автотұрақтардан қала бюджетіне қазірдің өзінде бес миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Ал тұрақтарға паркоматтар орнатып, жолақ сызықтарын жасаған инвесторлар шамамен 500 миллион теңге пайда көрген.