Қытай АҚШ-тан әкелінетін тауарларға қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеді
Қытай 10 наурыздан бастап АҚШ-тан әкелінетін тауарларға қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеді, оның ішінде бидайға – 15%, ал сиыр етіне, жеміс-жидекке, көкөністерге және сүт өнімдеріне – 10% тариф бекітілді.
Қытай АҚШ-тан әкелінетін кейбір ауыл шаруашылық өнімдеріне 10 және 15% мөлшерінде баж салығын енгізіп, 15 компанияға экспорттық бақылау орнатты. Сонымен қатар, Пекин тағы 10 ұйымды сенімсіз компаниялар тізіміне қосты. Бұған қоса, Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) жаңа шағым түсірді.
Қытай АҚШ-тың ауыл шаруашылық өнімдеріне қосымша 10-15% тариф енгізді. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі хабарлады, деп жазады South China Morning Post (SCMP).
Қосымша 15% баж салығы АҚШ-тан импортталатын тауық еті, бидай, жүгері және мақтаға енгізілді. Ал соя бұршақтары, шошқа және сиыр еті, балық өнімдері, жеміс-жидек, көкөністер және сүт өнімдері үшін 10% көлемінде жаңа тарифтер бекітілді.
Сонымен қатар, Қытай елдің қауіпсіздігі мен мүддесін қорғау мақсатында АҚШ-тың 15 компаниясын экспорттық бақылау тізіміне қосты. Олардың қатарына Leidos, Gibbs&Cox, IP Video Market Info, Sourcemap, Skydio, Rapid Flight, Red Six Solutions, Shield AI, HavocAI, Neros Technologies, Group W, Aerkomm, General Atomics Aeronautical Systems, General Dynamics Land Systems және Aero Vironment кіреді. Бұл туралы Қытай Сауда министрлігінің сайтында жарияланды.
Бұдан бөлек, Пекин тағы он америкалық компанияны сенімсіз ұйымдар тізіміне енгізді.
АҚШ президенті Дональд Трамп 4 наурызға қараған түні Қытайдан импортталатын тауарларға баж салығын 10%-дан 20%-ға дейін екі есе ұлғайтты. Ол Қытайды «синтетикалық опиоидтардың, соның ішінде фентанилдің АҚШ-қа тасымалын тежеуге шара қолданбады» деп айыптады. Бұл, Трамптың айтуынша, "ұлттық қауіпсіздікке, сыртқы саясатқа және экономикалық тұрақтылыққа төніп тұрған төтенше қауіп".
Қытай Сауда министрлігінің өкілі өз кезегінде елдің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиісті жауап қайтаратынын мәлімдеді. Осыдан кейін Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына жаңа шағым түсірді. Ол арқылы ДСҰ-ның дау-дамайды шешу механизмін іске қосуды көздейді. Бұған дейін Қытай АҚШ-тың барлық қытайлық тауарларға 10% баж салығын енгізу туралы шешіміне байланысты биылғы ақпан айының басында алғашқы шағымын берген болатын.
Қытай Парламентінің (Бүкілқытайлық халық жиналысы) өкілі Лу Циньцзянь АҚШ-тың біржақты тарифтік шешімдері ДСҰ ережелерін бұзатынын, сондай-ақ жаһандық өндірістік және жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына нұқсан келтіретінін мәлімдеді. Ол Вашингтон мен Пекиннің өзара келіссөздер жүргізу арқылы тең құқылы негізде ортақ шешім табуына үміт білдірді.