Бектенов Бакуге неге барды?
Бакуге ресми сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектеновті Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қабылдады
Қазақстан мен Әзербайжан үкіметаралық келіссөздер барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға басымдық берді. Кездесуге Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов пен қазақстандық делегация қатысты.
2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 533 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстан Әзербайжанға 340 миллион доллардан астам сомаға шикізаттық емес өнімдердің 130 түрін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық маңызды бағыттардың бірі болды. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 62%-ға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Сондай-ақ, Қазақстан мен Әзербайжан темір жолдары арасында Digital Trade Corridor платформасының интеграциясы аяқталды.
Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірнеше құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Әзербайжан арасында су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бекітілді. Бұл жоба Азия мен Еуропа арасындағы деректер алмасу мүмкіндігін кеңейтіп, байланыс сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Әзербайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.
Тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда айналымын арттыру және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады.