Жаңа бағдарлама осы уақытқа дейін қолданылып келген EB-5 визалық жүйесін алмастырмақ. Бұрынғы жүйе бойынша инвесторлар Америка экономикасына қомақты қаржы құйып, жұмыс орындарын ашса, тұрақты тұру құқығына ие болатын.
Трамптың айтуынша, «алтын карта» иелеріне грин-карта беріп қана қоймай, АҚШ азаматтығына жетелейтін жол ашады. Ол бұл бастама бай-бағлан, табысты адамдарды қызықтырып, олардың Америкада ірі қаражат жұмсап, салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашатынына сенімді. Жоспарға сәйкес, бағдарлама наурыз айында іске қосылмақ.
Сонымен қатар, компаниялар «алтын карталарды» пайдаланып, шетелден білікті мамандарды тарта алады. Президент Трамп ресейлік олигархтардың да бұл мүмкіндікті пайдалана алатынын тілге тиек етті.
АҚШ-тың Сауда министрі Говард Латниктің айтуынша, өтініш берушілердің абырой-беделі мен әлеуметтік мәртебесі мұқият тексеріледі.
Жалпы, бір миллионға дейін «алтын карта» сатылып, түскен қаражат ұлттық қарызды азайтуға жұмсалады деп күтілуде. Алайда кейбір сарапшылар бұл бастаманың этикалық тұрғыдан дұрыс еместігін айтып, күмәнмен қарауда.