Біз өмір комедиясының жалақы төленбейтін актерларымыз

22 Наурыз, 2020 296 0

Шымкент-Астана жүрдек пойызының қымбатта болса деп купесіне билет алдым- деп бастады әңгімесін Бақытжан. Жолсерікке билетімді көрсеттім. Пойыздың жүруіне әлі де болса жарты сағаттай уақыт бар. 
Купеге кірген бетім сол еді,  басында әдемі ақ жаулығы бар жасы жетпіске жетіп қалған апамыз, басымды шәй қысып бара жатыр айналайын, кипиток алып келші деп қолыма құманшасын ұстата салды-дейді. Жаппар құлда жан бар ма? Үлкен айтты болды, Кипитоктың ішіне заварка салып қып-қызыл қылып алып келдім дейді. Апамда шайдың бабын білетін кісі  екен. Ақтөбенің кемпірі-ау кесесіне сөк салып, сүттен екі тамызып еді қызыл күрең шәйдің светі шыға келді. Ал бала кипиток әкелген еңбегің бар деп ішінде қызыл күрең шәйі бар ақ кесені апам қолыма ұстатты. Ішімнен рахаттанып отырмын. Купеде кемпір екеуміз. Шәй Астанаға барғанша обезпечен. Дастархан үстінде шәйға керекті жылы жұмсағы жетеді екен апамның. Өзі бір мәрт кемпір сияқты. Ішімнен адам келмесе екен-деп тілеп отырмын. Кісі келмесе екінші ярустағы орнымды, апамның жанындағы бірінші ярусқа ауыстырып Астанаға жетсем деген арман. 
Духовкіге піскен семіз тауықтың санын жұлып алып, аузыма сала бергенім сол еді, құдай салмасын, сіздерге өтірік маған шын. 
Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар. Ұзынша бойлы, аяқ қолы балғадай, екі беті алмадай. Қолаң шаш, жазық маңдай, бота көз, қиғаш қас, бұзау кірпік,пісте мұрын, оймақ ауыз, маржан  тіс, періште жүзді, аққу мойын, күмбез төс, құмырсқа бел, домбыра бөксе, бөкен сан, елік сирақ, қасық аяқ қазақтың қызы кіріп келмесі бар ма? 
Кірген бойда кешіріңіз мынау менің орным деп, мен отырған орындықты меңзеді. Мен де айып етпеңіз дей беріппін. Ыңғайсыз болсада лып етіп кемпірдің жанына жайғастым. 
Апа менің атым Айсұлу деді. Астанада Мед Академияның үшінші курссында оқимын. Қысқы каникул бітіп оқуға қайтып бара жатырмын-деді. Айналайын балам бақытты бол деді апам Айсұлуға қарап. 
Мен тілімді жұтып қойдым. Бір көргеннен ғашық болдым дейтіндерге артымды ашып күлетіндердің бірі мен едім. Бүгін құдай тас төбемнен ұрды. Асылық айтуға болмайды екен. Айсұлужанның жүріс-тұрысының өзі көлде жүзген аққу секілді. Сықылықтап күлгенінің өзі қыздың шашбауындай сыңғырлайды. Ай әулие Абай атам бекер айтпаған екенсің ғой: “Ғашықтың тілі, тілсіз тіл. Көзбен көрде ішпен біл”-деп. Махаббаттарын бүкіл әлемге жар салып, жариялап жүрген “ Қалаулымда” ешқандай қасиет жоғын сонда білдім ғой аға деп маған қарап қояды. Әшейінде қыздарға қырғидай тиетін мен, миы ашыған текедей не айтарымды білмей қалдым сонда деп күрсінді. Бірдеңе бүлдіріп алармын дегендей екінші ярустағы орныма көтерілдім-дейді.
Қыстың күні пойыздың ішінде ауа жоқ. Проводник пешке көмірді көп салған ба? Қайдам? Лаваның қасында ұйықтағандай болдым. Әшейінде үйде майкамен ұйықтай алмайтын мен, Айсұлудың құрметі үшін түйе жүн жемпірімді шешпей ұйықтадым. Түнімен түсімде Айсұлуды көрдім. Екеуміз көлдің жиегінде қол ұстасып жүр екенбіз. Үйленіппіз, бала-шағамыз бар короче бақытты өмір сүріп жатыр екенбіз. 
Тәтті түс көріп жатқан ұйқымнан жолсеріктің ащы дауысы оятып жіберді: “Дайындалыңыздар. Постелдеріңізді  тапсырыңыздар, бір сағаттан соң Астанаға келеміз. Жуынсаңыздар болады. Әжетхана ашық”-деген дауыс саңқылдап тұр. Қой құрсын тұрайын деп басымды көтерсем ерінім кезергеннен жарылып кетіпті. Түндегі ыстықтан қаным кеуіп кеткен бе шөлдеп отыр екенмін. Түнімен түсімде көлді бекер көрмегем екенмін- деп қоям. Апам ішкен екі литірлік ақ шәйнектің құлағынан білдірмей ұстап коридорға алып шығып, дыбысын шығармай ай сімірдім-ай келіп. Өзімнің де кенезем кеуіп қалған екен. Түбінде тамшы қалмады.
Ешкім жоқта туалетке шығып алайын деп жемпірімді шешіп, ақ орамалымды мойныма салып тамбурдың жанындағы туалетке бардым. Туалеттің ручкасын тартсам “Занета” деген жуан дауыс шықты ішінен. Жарайды деп он минуттай күттім. 
Бір кезде есіктің ручкасы төмен басылып құдай салмасын ішінен еңгезердей екі метр, көзі тұздай, қаба сақал бір орыс шықты. Мойнындағы крест ілінген цепачкасы машина тартатын тростпен бірдей екен. Бір білегі менің бір саным. Йығы есікке сыймай тар. Көк телняшка майкысы денесінде жыртылып кететіндей. Өзі бір піл табан-ау, аяғының көлемі 52 размерь бар екен. Саусағының жуандығы сондай, басыңнан қысса миыңда құлағыңның тесігінен шығаратындай көрінді көзіме. Маған ала көзімен бір қарады да ешкім жоқ бос коридормен купесіне кіріп кетті. 
Әжетханаға кіргеннен шошыдым. Ойбай! Әлгі орыс  унитазға питон туып кеткен бе ?-деп ойладым. Әлгінің тоқ ішегінің размері қандай екен, боғы менің білегімдей екен. Көргенсіз менің құдіретімді көрдіңдер ме дегендей ағызбай кетіпті тағыда. Ағызайын деп унитаздың астыңғы педальн бассам, қырсыққанда пружинасы сынып кетіпті. 
Не де болса құрсын менікі емес қой деп өзімді жұбатып қоям. Қолымды  жуып, шашымды тарап шыға бергенім сол еді. Айтқанымша болмады кезек күтіп тұрған Айсұлу лып етіп ішке кіріп кетті. Айсұлудың тұрғанын білгенде шықпайтын едім ғой деп бармағымды тістедім де қалдым. Ұяттан қызарып өліп барам, екі бетім памидор болған. Дүниеде өзің істемеген нәрсенің жертвасы болған жаман екен. Ұялғаннан вогонның келесі басындағы тамбурға кетіп қалдым. Тамбурда майкамен көп тұра алмайсың аяз өтіп бара жатыр. Суық тиіп те өлгің келмейді. 
Амал жоқ купеге бардым. Айсұлуға қарайтын бет жоқ. Әлгі кемпір сораптап әлі шәй ішіп отыр. Не болса о болсын -деп бүкіл күш жігерімді жыйнап Айсұлуға қарап айттым-дейді. Айсұлу бағанағы менікі емес деп екі саусағымды сақина қылып (жуандығын көрсеткен түрім ғой) білегімді ұстадым. Айсұлу да қызық. Онда ол кімдікі деп қояды. Білмеймін деп иығымды қиқаң еткіздім. Әлгі орыстыкі деп қайдан айтайын Айсұлу оны көрген жоқ қой. 
Бағанағы түсімдегі свадьба, бала-шаға бір жүгермектің кесірінен быт-шыт болды. Көтеніңе шиқан шыққыр көк көз, бағымды байладың деп іштей міңгірлеп тұрғанымда поезд келіп перронға тоқтады. 
Затымды жинадым да көршілерге жақсы деместен тайдым. Одан кейін Айсұлуды кездестірген емеспін. 
Арада үш-төрт жыл өтті. Төле бидегі Төкен ағамның үлкен баласы Алмас ағам үйленіп жатыр дегенді естіп арнайы Астанадан ұшып бардым. Табалдырықты аттағаннан жеңгелерім Еркебала келді. Жеңгеңді  көрсетеміз, көрімдік бер деп, барлығы қолтығымнан ұстап қоғадай жапырылысты. Шымылдыққа жақындағаннан сілейіп тұрып қалдым. Мен өз көзіме өзім сенер емеспін. Жеңгем болып келген баяғы Айсұлу. Ол да бірден таныды мені. Менде ешнәрсе білдіртпегендей болдым. 
Беташар болды, той бітті. Той біткен соң ет жақындар дастархан басына келін шайға жайғастық. Аққал жеңешем әулетті ретімен Айсұлуға таныстырып жатыр. Кезек маған келгенде абысындардың үлкені Аққал жеңешем, Айсұлу мынау Бәкош деген қайның. Бұл қайныңды бәріміз Еркебала деп атаймыз. Астанада оқу бітіріп бүгінде бір министрліктің білдей қызметкері. Басы бойдақ. Басы бос подрушкаларың болса ескер. Бәкоштан біз үлкен үміт күтеміз. Болашақ министр деп жеңгем үлкен көпшікті қойып жіберді маған.

Болар бала боғынан деп айта беріп еді жеңешем, онысын білем дегендей Айсұлудың көзі алақ-жұлақ етіп кетті. Жас жеңгем енді маған Боқкөтен қайным деп ат қоймаса екен қорқып жүрмін - деп Бәкош әңгімесін аяқтады. 


Мақсат СҚАҚОВ

Тегтер: Достық, актер, өмір

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.