Руханият

Жапон мангасында Қазақстан Елтаңбасы жүр

Әлеуметтік желі қолданушылары күтпеген жайтты байқап қалды: танымал «Токийский гуль» мангасының бір көрінісінде Қазақстанның елтаңбасы көрініп қалған.

«Токийский гуль» мангасының 13-томы, 123-тараудың электронды нұсқасында Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген ғимараттың шынымен кездесетінін анықтадық. Сол көріністе кейіпкер анасына былай дейді:

– Мама, мен келдім!
– Ой, Сэйдо!

Ал артқы фонда – дәл сол Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген ғимарат тұр. Осы кадр көрсетілген бейнежазба 365 мыңнан астам қаралым жинап үлгерген. Пайдаланушылардың бірі мұны мангака суретшілерінің жиі қолданатын «фотобашинг» әдісімен байланыстырды.

«Қысқасы, олар шынайы жерлерді сала береді, ал Токиода осындай елтаңбасы бар ғимарат болған. Ол бұрын Қазақстанға тиесілі еді, кейін сатып жіберген, ең бастысы – елтаңбаны алып тастамаған екен», «Бәлкім бұл жай ғана сәйкестік немесе суретшінің бір сілтемесі болуы мүмкін, ол фонын жасау үшін нақты фотосуретті пайдаланған да шығар. Кейде мангака авторлар интернеттен кез келген суретті алып, оның мағынасын ойламай-ақ, көрініске кірістіріп жібереді», – деп жазды қолданушылар.