Алматыда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай тағзым ету іс-шарасы өтті
Алматыда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай дәстүрлі тағзым ету іс-шарасы өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz
Алдымен саябаққа жиналған қауым Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына бас иіп, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін ауған ардагерлері сөз алып, соғыс ақтаңдақтары туралы естеліктерімен бөлісті.
- Мен Ауғанстанның Баграм елді-мекенінде тоқтаған жеке барлау батальонында дәрігер болып қызмет еттім. «Шепсіз майдан» аталып кеткен ұрыс қимылдарында жарақат алған жауынгерлерге медициналық жәрдем көрсету басты міндет болды. Солармен қоян-қолтық жүріп, ұрыс үстінде қызметімді атқардым. Өзіміз де жарақат алған кездер болды. Бірде, автомобильдер легімен келе жатқанымызда Саланг асуынан өткеннен кейін моджахеттер атқан оқтың астында қалық. Жүргізушім Александр Паутов мені көліктен шығып, оларға қарсы оқ жаудырды. Сөйтіп мені ажал оғынан аман алып қалған еді. Барлық қарулас жолдастарыма және олардың жақындарына үлкен ризашылығымды білдіремін. Бұл өте ауыр міндет болды және біз оны аса құрметпен орындадық деп, - жат елдегі жорықты жылдарды Ұлттық ұланның отставкадағы полковнигі Сәбит Аймағанбетов осылай еске алды.
Жиын соңында Алматы гарнизонына қарасты әскери бөлімдер мен әскери жоғары оқу орындарының курсанттары ардагерлер алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.