Қытайдан Ауғанстанға алғашқы жүк пойызы аттанды
Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин қаласын Ауғанстанмен байланыстыратын алғашқы тікелей теміржол бағыты іске қосылды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Жүк пойызы Чунцин қаласындағы Туаньцзецүн станциясынан Ауғанстанның Хайратан қаласына жол тартты.
Қытайдың ZTE телекоммуникация алыбы шығарған 55 контейнерлік байланыс жабдығы тиелген пойыз Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас шекарасын кесіп өтіп, Қазақстан мен Өзбекстан арқылы Хайратанда діттеген жеріне жетеді. Бүкіл сапар 12-15 күнге созылуы керек.
Жүк Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында жергілікті коммуникация желілерінің құрылысын қолдауға жұмсалатыны хабарланды.