Мақсат Сқақов: үрей жасықтықтың, момындықтың табалдырығы

21 Наурыз, 2020 413 0

Қыстың қамын жаз ойлайтын қазақтың баласы емеспіз бе? Жылдың төрт мезгілінде де ауыл баласына тыным жоқ. Қыста көл бетіндегі қамысты кетпенмен шауып, шом байлаймыз. Жыңғыл шауып, отын түсіреміз. Жаз болса малдың астындағы көңді оямыз. Пішен орамыз. Негізі атыз басындағы пішенді таң ата ерте барып орған абзал. Жұмыс өнімді болады.     

Түнімен көшеге шыққан ауыл баласының таңертең ерте тұруы азап. Күн түсіп кеткен соң масаханадан да маза кетеді. Көрпеңді құшақтап терезесінің іші газетпен қапталған түпкір тамға тартасың. Тұр-тұрдан хабар келген соң ұйқыдан маза кетеді. Қораздың шақыруына әкеңнің айқайы қосылған соң амал жоқ көзіңді тырнап ашып, сәкідегі таңғы асқа тартасың. 

Ауылдағы ең тәтті шәй, таңғы шәй. Әжеңнің шоққа піскен тапа нанына қолдың сары майын салып, жаңа піскен айранмен ішсең одан артық дәм жоқ. Түске дейін елу бау орып, жауды қырғандай болып қайтасың. Түстен кейін аптапты ыстық басылды-ау деген тұста күрең қасқа құнаныма ер саламын. Ағаш ертоқымның артына орағыңды қыстырып,қанжығаңа су құйған конистіріңді байлайсың. 

Баратын жерім үшінші бригада. Жол қысқарсын деп “Өкшебай” қорымы арқылы барамын. (Түсінікті болуы үшін ауылдың дүниеден өткендері жерленген жері.)

Сол күні шөптен өте кеш қайттым. Түнгі он бірлердің шамасы болса керек, тас қараңғы, шырылдаған шегірткелердің дауысы ғана естіледі. Біссімілләмді айтып жаптың басымен, моланың қасынан өтіп келе жатқаным сол еді, жаптың ішінен басында қып-қызыл шоғы бар ақбоз ат “Мақсатжан”-дейді. Зәрем зәр түбіне жетті. Қауқиған денем болсада, қорқақ екенмін. Үйге жарықтың жылдамдығымен жеттім-ау. 

Құнанымның тұяғына қарасам адамның тақап алған тырнағындай болып қалыпты. Соған қарағанда жарықтық қиыршық тасқа қарамай жанын салғанау. Келе сала әже жын көрдім, (Қыз-Жібек фильміндегідей ақ боз ат иең қайда-дегендей) ақ боз ат сөйледі деп жіберіп жатырмын. Әжемде фәтихасын айтып таңдайымды басып, тұзбен аластап жатыр. Жалғызымның жапырағы біссіміллә -деші. Жын иектеді ме екен сені?Түленің түртті ме екен әлде?  Не  болды саған қарғамау деп айналып толғанып жатыр. Қорыққанымнан сол түнді әжемнің құшағында өткіздім. 

Құдай берем десе фортачкадан да дегендей, содан үш күн демалдым. Төртінші күні әкем ойбайлап жатыр: “ Әкеңнің аузын пәлен қылайын” қысты күні шөпсіз қоралы малды қырып аламыз ,түлен түртпек түгілі, жын иектесе де пішен оруға құры- дейді. 

Түнде қорқыныштан жүрегім жарылып өлгенше, түскі ыстықтан терім күйіп өлейін- деп сол күні шөпке обедте кеттім. Көлеңкедегі ыстықтың өзі елу градус. 

Атызға жете бергенім сол еді алдымнан күрішші Қойшығұлов Асқар ағам шыға келмесі бар ма? Айналайн інім не болған саған үш күн бұрын түнде Мақсатжан-деп шақырсам алды артыңа қарамай тайғаның не? Аманшылық па?-дейді. 

Сөйтсем оқиға былай болған екен. Ағам бұзауыма берем деп бір бау шөп орып алады. Қорымның қасындағы. Жаптың басындағы жидемен тоқылған есіктің сымын көтеріп ашамын деп жатқанда, ердің басына өңгерген шөпі ауып жаптың ішіне түсіп кетеді. Шөпін алу үшін Асекең жаптың ішіне ақ боз атымен түседі. Еңкейіп шөпті қайтадан алдына өңгерейін десе үлкен кісі икемі келмейді. Сөйтіп тұрғанда келе жатқан мені көреді. Не де болса інім көмектесер деп темекісін тұтатып, жаптың ішінен шыққан беті екен. Еңістен шыққанда алдымен аттың басы көрінген. Өзі қап қара адам қараңғыдан қалай көрінсін. Қып-қызыл боп көрінгені аузына салып тұтатқан темекісінің шоғы екен. 

Бұдан шығатын қорытынды. Қандай жағдай болмасын, ешқашан ер адам үрейге бой алдырмауы керек екен. Қорыққанға қос көрінеді деген осы. Өмірде менің байқағаным ауыл баласында ұяңдықпен үрей қатар жүреді. Өмірде басатын жаңа қадамына да, қабылдайтын шешіміне де осы үрей кері әсерін тигізіп жатады. Үрей жасықтықтың, жасықтық момындықтың табалдырығы. Сол үшінде қазақ жаманның бір аты бар момын - деген деп бекер айтпайды. Өз тағдырыңа, Ел тағдырына әсер ететін дүниелерге ешқашан да момындық танытуға болмайды. Ол үрей билеген жаманның белгісі. 

Тегтер: Қорқыныш, момындық, еразамат

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.