Руханият

Неміс тілінің 29 жылдық емле реформасын қазақ тілін дамытуда қалай қолдана аламыз?

Неміс тілінің емле ережелеріне реформа жасалғанына биыл жиырма тоғыз жыл толып отыр. Бұндай ауқымды өзгеріс бұл елде соңғы рет 1901 жылы ғана болған екен. Тіл реформасы, әсіресе, неміс тілін пайдаланатын елдердің барлығына бірдей міндетті болғандықтан, оның жүргізілу үдерісі, нәтижесі мен ел экономикасына тигізген ықпалы көпшіліктің назарын өзіне аударды. Осы мәселелер жайлы толығырақ  дипломат, тіл саясаты бойынша сарапшы Ырысқали Дәуренбек мырзаның эксклюзивті мақаласын ұсынамыз.

Биыл Алманияда неміс тілінің емле ережелеріне реформа жасалғанына жиырма тоғыз жыл болды, сонымен қатар мұндай ірі және өзекті реформа аталған елде соңғы рет 1901 жылы өткен екен. Осы кезден бастап «Schifffahrt» (қаз.: кеме қатынасы) немесе «Pappplakat» (қаз.: картоннан жасалған плакат) деген сөздерді қатарымен үш «f» немесе «p» әріптерімен, ал жиі қолданылатын шет тілдерінен енген сөздерді (мысалы: Mayonnaise → Majonäse) жеңілдетілген түрде жазуға рұқсат етілді.

Бұл жаңа реформаның басты мақсаты - түсінікті және дәйекті ережелер арқылы емлені жеңілдету және бірқатар сөздердің жазылуын жүйелеу болған еді. Дегенмен, кейбір неміс сарапшылары жаңа емле ережелері бастапқыда неміс тілінің жағдайын нашарлатып, көптеген шатасуларға әкеп соқты деген пікірде. Сондай-ақ, сол кездері жүргізілген сауалнама деректеріне сәйкес мұның басты себебі Алмания халқының аз ғана бөлігі жаңа ережелермен таныс болған. Осыған қарамастан және де мектеп оқушыларын жаңа ережелер бойынша оқытуға жұмсалған қыруар қаражат шығындарын ескере отырып, Алманияның федералдық үкіметі бұл реформаны соңына дейін жүзеге асыру жолынан таймады.

Жалпы, емле реформалары әлем елдерінде жиі болып тұратын жағдай емес, сондықтан да Алманияның осы тәжірибесіне назар аудару керек деген пікірдемін. Сонымен бірге, тіл - аса күрделі әлеуметтік құбылыстардың бірі, осыған байланысты бұл нәзік салаға алаңсыз араласу өзгеше өлшем мен сақтықты қажет етеді және мұның бәрін өте мұқият ескеру керек.

 

*   *   *

 

Неміс тілі тек Алманияда ғана емес, сондай-ақ Аустрия және Лихтенштейнде де мемлекеттік тіл мәртебесіне ие, ал Швейцария, Бельгия және Люксембург сияқты елдерде ресми тілдердің қатарына кіреді. Қазіргі кезде неміс тілі әлемдегі 105 миллионнан астам тұрғыны үшін ана тілі болып есептеледі, ал 80 миллионға жуық адам оны шет тілі ретінде қолданып келеді. Атап өтетін жайт, неміс тілі латын жазуына негізделген үнді-еуропалық тілдердің алман тобына кіреді. Қазіргі кезде неміс әліпбиінде 26 латын әрпі қолданылады және де жазуында морфологиялық тұрғыдан кейбір сөздерді өзгертуге мүмкіндік беретін үш үмләуіт (Ää, Öö, Üü) ерекше белгілері мен «β» лигатурасы бар.

Неміс тілінің тайпалық диалектілерден ұлттық әдеби тілге айналуы негізінен біздің заманымыздың V ғасырында батыс алман тайпаларының (франктер, алемандар, баварлар және т.б.) бірігуімен байланысты болды. Кейін жергілікті тұрғындарды христиандандыру процесі латын жазуының таралуына ықпал етті және де олардың сөздігін христиан дінімен байланысты латын сөздерімен байытты. Сонымен қатар, латын тілі ұзақ уақыт бойы ғылым, іскерлік қарым-қатынас және кітап шығару тілі болып қала берді. Кейбір тарихшылардың пікірінше, «deutsch» (дойтш) деген сөз ескі алмандық «thioda» (латын тілінде - «theodisce») сөзінен шыққан және «халық тілінде сөйлейтін» деген мағынаны білдірген.

Көрші елдермен салыстырғанда орта ғасырлар кезіңінде қазіргі Алмания жерінің аумағында әртүрлі диалектілердің қалыптасуына және олардың дамуына ықпал еткен бірқатар аумақтық бытыраңқы саяси құрылымдар себеп болды. Тілді қолданудың осы өңірлік ерекшеліктері өз кезегінде мәдени тұтастығы мен мәдени даму процестерін айтарлықтай қиындатып жіберді. Орта ғасырдың соңғы кезеңінде жергілікті халықтың сауаттылық деңгейінің біртіндеп өсуінің арқасында немістің жаңа ауызша және жазба әдеби тілі жақсы дамыды. Осыған байланысты, XIII-XIV ғасырларда латын тілі ресми іскерлік қарым-қатынас тілі статусын аз-аздап жоғалта бастады. 1521 жылы белгілі теолог, саясаткер және аудармашы Мартин Лютер бұған дейін тек латын тілінде болған Інжілді стандартты жаңа неміс жазбаша тіліне (Neuhochdeutsch) аударды  және кейін оның бұл еңбегі жоғары дәрежелі әдеби жәдігерге айналды. М.Лютердің осы аудармасының арқасында қазіргі неміс тілінің негізі қаланып, оның орфография мен фонетика нормалары және грамматикалық формалары реттелді, сондай-ақ ғылыми қарым-қатынас пен әдебиет тілі ретінде латын тілін басып озды. Осылайша, XVII ғасырда әдеби жазбаша неміс тілінің құрылуы негізінен аяқталды деп айтуға болады.

Әдеби тілдері әдетте жергілекті астаналық диалектісінің негізінде дамыған кейбір еуропалық елдермен салыстырғанда, неміс тілі орта және жоғарғы неміс диалектілерінің арасындағы ортақ тіл болып есептеледі. Уақыт өте келе әдеби неміс тілі Алманияның солтүстігіндегі бүгінге дейін жартылай сақталған жергілікті диалектілердің де орнын басты. Сонымен бірге, жергілікті тілдері әдеби неміс тіліне көбірек ұқсайтын аталған елдің орталығы мен оңтүстігінде тұратын тұрғындар өз диалектілерін толығымен сақтап қалды. 1774 жылы неміс филологы Иоганн Кристоф Аделунг неміс тілінің алғашқы морфологиялық (грамматикалық) сөздігін жасап шығарды, ал кейін бұл жұмысты ағайынды Гримм (лингвистер, неміс халық мәдениетін зерттеушілер) әрі қарай жалғастырды. Мұнымен қатар, неміс тілі емлесінің өзі XIX ғасыр бойы қалыптасып, дамып отырды. Ал негізгі емле ережелерін құрудағы үлкен жетістіктерге неміс тілінің алғашқы орфографиялық сөздігін жасап шығарған әйгілі неміс тілтанушысы және практик Конрад Дуден жетті және де 1901 жылы болған реформа барысында оның осы сөздігі неміс тілі емлесінің түп негізі ретінде танылып, оған барлық жергілікті ресми мекемелер мен оқу орындары бейімделе бастады.

Әрине, дөңгеленген дүние бір орында тұрмайды, сондықтан да осы емле ережелеріне ара-тұра кейбір ұсақ-түйек түзетулер енгізіліп тұрды. ХХ ғасырдың ортасынан бастап кейбір лингвист ғалымдар неміс тілінің емле ережелерін түбегейлі реформалау қажеттілігі туралы мәселені қайта көтере бастады. Ақыр аяғында 1954 жылы Штуттгарт қаласында арнайы конференция шақырылып, оған сол кездегі АФР мен АДР, Аустрия және Швейцарияның ғалымдары қатысты. Талқылау қорытындысы бойынша «Штуттгарт ұсынымдары» (Stuttgarter Empfehlungen), ал 1958 жылы «Висбаден ұсынымдары» (Wiesbadener Empfehlungen) қабылданды1. Осының нәтижесінде жалпы тоғыз негізгі ереже құрылып, шет тілдерінен енген кірме сөздерді орфографиялау, дауысты дыбыстардың созылыңқылығы мен қысқалығын белгілеу қамтамасыз етілді. Бірақ, ұсынылған жаңа ережелердің тұжырымдамасына Томас Манн мен Фридрих Дюрренматт сияқты әйгілі неміс жазушылары мен қоғам қайраткерлері қарсылық білдіріп, реформа соңына дейін жеткізілмеді. Содан бері көптеген жылдар өтті, ал неміс емлесі өткен ғасырдың басында орнатылған жағдайда қала берді.

Жоғарыда айтылғандай, алғашқысында неміс лингвистері тек емлені нақтылау және түрлендіру ғана мәселелерін көтеріп жүрді. Дегенмен, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында неміс тіліне ауқымды реформа жасау туралы мәселе қайта туындай бастады. Шамамен сол кезде неміс тіліндегі бірте-бірте жинақталған мәселелер, қиындықтар және қайшылықтар осы жағдайды қайта қарастыру қажеттілігіне алып келді. Сонымен бірге, сол кезде осы бағытта болған пікірталастар неміс қоғамын ортасынан қақ жарып, мұндай даулы мәселеге алып келеді деп ешкім ойламаған.

Жалпы аталған реформаның тарихы былай болған еді. 1996 жылғы 1 шілдеде сегіз елдің саясаткерлері Вена қаласында жаңа неміс емлесін енгізу туралы келісім шарт жасады. Бұл келісімге Алмания, Аустрия, Швейцария, Лихтенштейннің және немістілді тұрғындары бар кейбір елдердің ресми өкілдері де қол қойды. Аталған келісімге сәйкес, 2005 жылғы 31 шілдеге дейін жеті жылдық өтпелі кезең қарастырылып, оның барысында ескі емле мен жаңасының қатар қолданылуы рұқсат етілді. Нәтижесінде, 2005 жылғы 1 тамыздан бастап жаңа емле ережелері барлық немістілді елдерде орындалуға тиіс деген статусқа ие болып, Алманияның да барлық мектептері мен мемлекеттік мекемелерінде кеңінен қолданыла бастады. Сондай-ақ, 2006 жылғы 1 тамызда осы қабылданған құжатқа қайта жаңа түзетулер енгізіліп, соңғы нұсқасы бекітілді.

Алғашқыда бұл реформа неміс емле ережелерін жеңілдетуге және ерекшеліктер санын азайтуға бағытталған болатын және де осының арқасында қолданыстағы  неміс емлесінің 212 ережесінің 87-сі жойылды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, аталған өзгерістер емле мәселелерін жойып қана қоймай, орнына біршама жаңа қиындықтар да алып келді. Сонымен қатар, бұл реформадан ел экономикасына миллиондаған шығын әкелді, жазу дәстүрі мен мәдениеті бұзылды, өткен кезеңмен байланыс пен жазудың өзіндік ерекшелігі жоғалды, оқушыларды классикалық әдебиеттен алшақтату қаупі туындады деген ескертулер мен пікірлер де айтыла бастады. Әлі күнге дейін бұл реформаның қажеттілігі, пайдасы мен зияны жайлы қоғамның пікірі екіге бөлініп, оның жақтастары да, қарсыластары да жеткілікті. Атап өтетін жайт, 2002 жылдың сәуір айында Алленсбах демоскопия институты (IfD Allensbach) жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері бойынша немістердің 70%-ы о бастан жаңа емле ережелеріне қарсы болған2.

Неміс тілінің аталған жаңа емле ережелері қабылданып, іске асырыла бастағанына қарамастан, бұл реформаға қарсы жаппай наразылықтар тоқтаған жоқ. Алмания мен Аустрияның жазушылары, олардың қатарында ең танымал жазушылар да жаңа ережелерге бағынудан үзілді-кесілді бас тартты. Мысалы, немістің атақты жазушысы және Нобель сыйлығының иегері, «Қаңылтыр барабан» (Die Blechtrommel) деген романның авторы Гюнтер Грасс халықты дәстүрлі емлеге оралуды қолдауға шақырды, ал «Франкфуртер Альгемайне» (Frankfurter Allgemeine Zeitung) атты белгілі консервативті газеті ескі емлеге оралатынын мәлімдеді. Германияның жоғары мектеп бірлестігі де (Deutscher Hochschulverband) ескі емлеге қайта оралу туралы мәлімдеді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, барлық аталған мәселелер реформаның қабылдау механизмінің төңірегінде туындаған. Ең алдымен, бұл реформа тек бюрократиялық тұрғыда ғана өтті, сондықтан да оны іске асыру барысында бірден осындай мәселелерге тап болу таңқаларлық емес, - деп тұжырымдады олар.

Аталған реформаға жергілікті неміс тілі мұғалімдері ғана емес, сондай-ақ өзге мемлекеттерде тұратын кейбір шетел әріптестері де қарсылық білдірді. Алайда, олардың қойған талаптарын ешкім тындамай, реформа жалғастырыла берді. Сонымен бірге, бұл реформа кітапхана қызметкерлері үшін де көптеген мәселелер туғызды, себебі кітапханалардың каталогтарының деректер банктеріне өзгерістер енгізу үлкен материалдық шығындарды қажет етті. Ережелерге енгізілген көптеген өзгертулер, мысалы «β» әрпін, сөздерді біріктіріп немесе бөлек, кіші немесе үлкен әріптермен жазудың жаңа нормалары нәтижесінде осы нормалардың логикалық құрылымы бұзылды. Мысалы, 2009 жылы «Неміс тілі» атты берлиндік зерттеу тобы (Berliner Forschungsgruppe Deutsche Sprache) ең танымалы «Дуден» (Duden) және «Вариг» (Wahrig) баспаларының екі орфографиялық сөздіктерін салыстырып, нәтижесінде 350-ге жуық сәйкессіздік анықтады3.

Әрине, тіл - ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі, сондай-ақ бүкіл қоғамға тиесілі байлық. Сондықтан да тіл өзіне деген құрметті талап етеді және оны реформалау барысында халықтың да көңіл-күйін ескерген абзал. 2007 жылғы 1 тамыздан бастап Алманияда неміс тілінің емлесін реформалау туралы заңның соңғы нұсқасы күшіне еніп, тыныс белгілері мен емленің жаңа ережелері барлық неміс мемлекеттік мекемелер мен білім беру жүйелері үшін міндетті болды. Сонымен қатар, арнайы неміс емле кеңесі (Rat für deutsche Rechtschreibung) құрылып, оның құрамына тіл мәселесімен ғылыми түрде айналысатын қырық маман кірді. Аталған кеңестің негізгі міндеті - емлеге тілтанымдық талдаулар жасап, оның өзгеруін қадағалап, ережелерге уақытылы қажетті түзетулер енгізіп отыру. Осы кезден бастап бұл бағытта тыныштық орнады деп айтуға болады.

Бүгінгі таңда жаңа емле ережелері бойынша мектеп оқушыларының кем дегенде бір буыны білім алып, көптеген адамдардың санасында берік орнықты. Сондай-ақ, ұзақ жылдарға созылған жаңа ережелерге көшу реформасы нәтижесінде көптеген қателіктермен жаза бастаған адамдардың да саны өсті. Соңғы жылдары смартфон мен түрлі гаджеттердің кең таралуына байланысты жазбаша тілдің функциялары мен қолданылуы айтарлықтай өзгергенін де атап өткен жөн. Осыған байланысты, емле мәселесін тудырған себеп - ол реформаның нәтижесі ме, әлде жазу әдеттері өзгеруінің салдары ма, оны енді анықтау қиын. Әрине, бұл жерде неміс халқы үшін ең бастысы - осы реформа кезінде алынған тәжірибе және мұндай тәжірибе жақын арада енді болмайды, - деп үміттенеді олар.

Жалпы тіл мәселесі жайлы әңгімемізді тұжырымдай келсек, қазақ тілін дамыту мәселесі де өте нәзік және тым асығыстықты қажет етпейді, себебі реформаны жылдам жүргізуге тырысу тілдің заңдылықтарын сақтамастан оған нұқсан келтіретін өзгерістерге әкелуі мүмкін. Сонымен бірге, оны ұзаққа созып, арқаны кеңге салуға да болмайды. Қазақ тілі әліпбиінің жаңа латын графикасы бекітілген соң ең алдымен ономастика жөнінде бірыңғай мемлекеттік ереже қабылданып, қалалар мен елді мекендердегі маңдайша жазулар мен көше және алаң атауларын латын қаріптеріне ауыстырған жөн. Сондай-ақ, жаңа әліпбиге үйретуді көздеген тегін ұлттық мектептер мен курстар ашылып, тіл үйренуге көмек беретін жаңа кітаптар, оқулықтар, анықтағыштар мен сөздіктер шығарылуы керек. Әрине, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру кезінде басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, оның лингвистикалық, аспектідегі тиімді-тиімсіз тұстары мен оң-теріс әсерлерін анықтауға міндеттіміз. Мысалы, кейбір түркітілдес мемлекеттерінде тілдік реформа жасау кезінде төл дыбыстарынан айырылып қалған сәттері - бұған дәлел. Біздің еліміз осы қателіктерден сабақ алып және де халқымыздың көңіл-күйін ескере отырып, латын графикасына негізделген әліпбидің жаңа нұсқасын жан-жақты талқылауымыз керек. Мұнымен қатар, қазақ тілін реформалау дегеніміз тек әліпбиімізді жай ғана өзгертумен шектелмеу қажет, сондай-ақ тілімізге жаңа халықаралық терминдерді енгізу, оны ғылым тіліне айналдыру және компьютер тіліне негіздеу сияқты қадамдардан тұруы тиіс.

 

 

Ырысқали Дәуренбек

дипломат