Елорда

Астанада Кәрім Мәсімовке тиесілі үй сатылымға шығарылды

Имфорбюро телеграм-арнасының хабарлауынша, Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Астанадағы тұрғын үйді аукционға қойды. Нысан Нұра ауданындағы Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан және жертөлесі бар.

Сауданың негізгі шарттары

  • Бастапқы баға – 1,8 млрд теңге;
  • Кепілдік жарна – 117,9 млн теңге;
  • Сауда уақыты – 25 ақпан, сағат 10.00.

Аталған үйдің фотосуреттері Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2022 жылы Қарым Мәсімов қамауға алынғаннан кейін жариялаған бейнежазбадағы көріністермен сәйкес келетіні айтылып отыр.

Еске салсақ, Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, оған қатысты қозғалған қылмыстық істің материалдары «өте құпия» деген белгімен тексерілді. 2023 жылдың сәуір айында сот оны «мемлекеттік опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды» деген айыптар бойынша 18 жылға соттау туралы үкім шығарды. Кейінірек апелляциялық инстанция бұл жазаны өзгеріссіз қалдырды.

2024 жылдың жазында Президент мемлекетке опасыздық және билікті күшпен басып алуға әрекет еткені үшін сотталған экс-төраға Қарым Мәсімовтің рақымшылық жасау туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.