Аймақтар

Заң және тәртіп: Алматыда заңсыз сауда нүктелерін жаппай бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік қордың жерінде заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын жою мақсатында қаланың кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы стационарлық емес сауда нысандарын бөлшектеу жұмыстарын бастады,- деп хабарлайды newsroom.kz

Қаланың барлық аудандарында арнайы жұмыс комиссиялары құрылды, олардың құрамына мемлекеттік органдардың, Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілдері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңестің және ҚР «Атамекен» ҰКП мүшелері кірді.

Екі күн ішінде 21 заңсыз нысан бөлшектелген. Мәселен, Әуезов ауданында Абай даңғылының бойындағы 4-шағынауданда 2 сауда нүктесі бөлшектелді, олар кондитерлік өнімдер мен көше тағамдарын сатумен айналысқан. Бұл ретте объектілер сумен жабдықтауға және су бұруға қолжеткізе алмаған әрі электр желілеріне рұқсат құжаттарынсыз  өздері  қосылған.

Көкжиек шағынауданында көкөністер мен нан өнімдерін сатумен айналысқан заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нүктелері де бөлшектелді. Оның айналасы абаттандырылмаған, бұл жергілікті тұрғындарға қолайсыздық тудырды.

Көптеген кәсіпкерлер мен тұрғындар мұндай шараларды қолдап, барлық санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін атап өтті. Әуезов ауданының тұрғыны Лариса Мерғалиева заңсыз сауда нысандарын бұзуды қолдайтынын атап өтті.

«Заңсыз сауда нүктелерінің инженерлік желілерге қосылуға заңды негізі жоқ, кейбіреулерінде тіпті су жоқ. Бұл сатудың санитарлық жағдайына да әсер етеді. Олар заңсыз жұмыс істейтіндіктен, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудан да тыс қалған әрі бұл да қауіпті. Сондықтан мұндай нысандарды бұзу керек», - деді ол.


Кәсіпкерлер сондай-ақ қызметті заңды негізде жүзеге асыру қажет деп санайды.

«Қалада өркениетті, заңды сауданы ұйымдастыру мәселесі баяғыда баяғыдан бері айтылып келеді. Сондықтан қазір осы бағытта қажетті шараларды қабылдай бастағанымыз жақсы. Алматы-еліміздегі ең ірі сауда орталықтарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, мегаполистегі барлық сауда нүктелерінің заң бойынша барлық талаптарды орындай отырып, тек заңды негізде жұмыс істеуі маңызды», - деп атап өтті кәсіпкер Мөлдір Жұмашева.

Бөлшектеу процесінде инженерлік коммуникациялық желілерден, электр және сумен жабдықтаудан ажырату көзделген. Қалалық Полиция департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бөлшектеу орнында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.